ҮЙІНЕ БАРЫП, АТА-АНАСЫНА ШАҚЫРТУ БЕРДІ: ОТАН АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШ

Уақыты: 11.06.2022
Оқылды: 2643
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорған қаласында арнайы брифинг өткізген әскерилер еліміздегі әскерге шақырту маусымының мәліметтерін жариялады. Олардың айтуынша, соңғы кездері әскерге барудан қашатындар көбейген.

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің кадрлар және саптық бөлімше бастығы, капитан Мақсат Бейісов пен Талдықорған гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, майор Жанат Сембаев азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақырудың тәртібі мен әскер қатарына алынғандардың санын таныстырып өтті. Олардың айтуынша, биыл маусымның 1-не дейін Алматы облысынан мерзімді әскери қызметке шақырылған 1 300-ден астам адамның 300-і ҰҚК-не қарасты Шекара қызметіне алынса, Қорғаныс министрлігінің бөлімдеріне 800 адам жіберілген. Одан бөлек, 8 адам Мемлекеттік күзет қызметіне, 18 адам Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты бөлімдерге алынған. Енді Ұлттық Ұлан бөлімдерін жасақтау жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде оған алынуы тиіс 850 адамның 150-і әскерге шақырылды. Соған байланысты облыстағы аудандық және қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлімдерге әскерге жарамды жастарды жасақтау жөніндегі тапсырма берілген. Жалпы облыста әскерге шақыртуға жарамды 90 мың адам бар. Оның 34 мыңы әскер қатарына алынуға жатса, 56 мың адам әртүрлі себеппен шақыруға жатпайды.

Осыған орай арнайы рейд өткізген мамандар әскерге алынуы тиіс жігіттердің үйіне барып, ата-анасына шақырту беріп кеткен. Сонда жас жігіттердің басым бөлігі әскерге барудан бас тартып, бой тасалағаны анықталған. Телефоны өшіп, байланыс аясынан тыс жерге шығып кеткендерді туған-туыстары жасырып отырғандай әсер еткен.

Сұрақ-жауап бөлімінде әскерден қашудың себептерін талқылаған Талдықорған гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, майор Жанат Сембаев:

– Оның себебі көп. Солардың ішінде қу тіршіліктің алдыда тұрғанын жасыра алмаймыз, – деп қарапайым жұртқа белгісіз жайттарды әңгімелеп берді. – Атап айтқанда, жігіттер істеп жатқан жұмысын, атқарып отырған лауазымын алға тартып, әскерге барғысы келмейтінін ашық айтады. Әскерге кетсе орнынан айырылып қаламын деп есептейді. Сондықтан жап-жас жігіттер тиімді жолдарды іздейді. Мысалы, бізде 40 күн оқытатын әскери-техникалық мектеп бар. Рейд кезінде бір жігіт әскерге кеткеннен гөрі сонда оқығанды қалайтынын айтты. Алайда оған жасы 24-ке толған азаматтар ғана қабылданады. Жасы жетпегендіктен әлгі жігіт қипақтап, бізді алдап, әскерден бой тасалағысы келді. Міне, осындай себеп алдыңғы орында тұр.

Одан кейін ата-аналардың өзі баласын жасырып, әскерге жібергісі келмейді. Тіпті, баласын көрсетпейді. Оны іздестіруі тиіс учаскелік полиция қызметкері таба алмай қиналады. Көршілерінен сұрастырсаңыз: «Кеше ғана жүрген» деген жауап айтады. Ақыры денсаулығы мықты, нағыз дер шағында жүрген жігіт әскерден қашып, жаман әдет бастайды. Оны көрген өзгелер де Отанды қорғау, ел мен жерді күзету секілді қасиетті борышты мансұқтайды.

Дегенмен, әскерге барудан бас тартудың басты себебі – идеологияда жатқан секілді. Қаршадайынан Отанды қорғау керектігін бойына сіңіріп өскен жас өркен уақыты келгенде маңызды қадамнан тартынбасы анық. Сондықтан әскерге шақыру ісі мемлекеттік деңгейде қолдау тапқанда ғана алға жылжиды.

Мәди Алжанбай