ТАЛДЫҚОРҒАН МАҢЫНДА 24 ЖАСТАҒЫ ЖІГІТ ЕСІРТКІМЕН ҰСТАЛДЫ - ПОЛИЦИЯ

Уақыты: 20.07.2022
Оқылды: 2360
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ескелді ауданында 24 жастағы ер адам ірі көлемде есірткімен ұсталды.

Алматы облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Шығыс Қазақстанның полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып ауыр есірткінің ірі партиясын тасымалдаған ер адамды қолға түсірді.

"Алматы-Өскемен" тас жолында полиция қызметкерлері Ескелді ауданының 24 жастағы тұрғыны басқарған Daewoo Lacetti көлігін тоқтатты. Тәртіп сақшылары көлікті тексеру барысында синтетикалық есірткіге жататын төрт полиэтилен пакетке салынған 2 кг мефедронды тапты.

«Қазіргі таңда көліктің 24 жастағы жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған "Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деді Алматы облысы полиция департаменті есірткіге қарыс күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қазбек Мұхамедов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"