Оқыс жағдайға дайынсыз ба?

Уақыты: 14.10.2017
Оқылды: 1181
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорған заң колледжінде облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Төтенше жағдай және террористік акт кезінде әрекет ету, алғашқы көмек көрсету» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Іс-шараға білікті нұсқаушы-бапкер, көпжылдық «Қызыл Ай» халықаралық қоғамында еңбек тәжірибесі бар Мариям Негметжанова арнайы қатысып, өз ойымен бөлісті. 
Семинар-тренингтің негізгі мақсаты – әр категориядағы тұрғындарды төтенше жағдай және террористік акт кезінде әрекет етуге, алғашқы медициналық көмек көрсетуге оқыту.  
– Бүгінгі таңда көше ортасында адам құлап, болмаса өзін жайсыз сезініп, өмір мен өлімнің арасындағы жағдайда жатса, абдырап, тыпыршып қаламыз. Жедел жәрдемге бірден хабарласуыңыз мүмкін, бірақ олар келгенше бірінші көмекті өзіңіз көрсетуіңіз керек. Біз алғашқы көмектің сапалы болуын үйретеміз, көрсетеміз. Оқыс оқиға аяқ асты. Бәріне дайын болуымыз қажет. Бүгінгі тренингті ұйымдастырудағы басты мақсатымыз да осы. Реанимациялық көмек көрсетуді осыған дейін «Қызыл Ай» қоғамы Талдықорғандағы жол сақшыларына да көрсеткен болатын. Қайғылы жағдайларды азайтуға барынша күш салып келеміз, – дейді Мариям Негметжанова.  
Оның айтуынша, адамның өмірі мен денсаулығына кенеттен қауіп төнген жағдайда алдын алып, зиянды әсерін азайту керек.  Бапкер алғашқы көмек көрсетудің жедел әрі жеңіл тәсілдерін үйретті. Заң колледжінің білімгерлері белсенділік танытып, тренинг ұйымдастырушының әр көрсеткенін қайталап, үйренгендерін іс-жүзінде дәлелдеді. 
Семинар-тренинг Талдықорғандағы №4 орта мектепте жалғасты. Шара қауіпсіздікті күшейту мақсатында басқа да мекемелерде жалғасын таппақ.

Өз тілшіміз.