ЖАҢА ДЕПАРТАМЕНТТІҢ ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНАДЫ. ӘДІЛЕТ ОРГАНДАРЫНА - 30 ЖЫЛ!

Уақыты: 27.09.2022
Оқылды: 1232
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

30 қыркүйек – әділет органдары қызметкерлерінің күні. Биыл – әділет органына 30 жыл. Осы атаулы күнге орай Жетісу облысы әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы Жандос БЕКСҰЛТАНМЕН сұхбаттасудың сәті түсті.­­ ­

– Әділет министрлігінің тарихын тәуелсіздік жылдарымен бастаған дұрыс па, әлде Кеңестер одағы кезінен қозғаған жөн бе?­

– Әділет министрлігінің тарихын тәуелсіздік жылдарынан бастасақ, биыл бізге 30 жыл толды. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасынан бері қарайтын болсақ, әділет органына 100 жылдан астам уақыт болды. Еліміздегі Әділет министрлігінің рөлі егемендік алып, демократияның ақ жолына түскеннен кейін арта түсті. Біздің мақсатымыз ­– жұрт мойындаған демократиялық бостандықтар мен мұраттардың негізінде азаматтарды қорғайтын қоғам құру. Қазақстан юстициясының негізгі кезеңдерін, құқықтық демократиялық мемлекет құру жолындағы қалыптасу кезеңдеріне қысқаша тоқталып өтуге болады.

Әділет органы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасынан бүгінгі күнге дейін өркениетті құқықтық мемлекетке жүктелетін міндетті абыроймен атқарып келеді. Халық комиссарлары кеңесінің 1919 жылғы 10 шілдедегі декретімен қырғыз өлкесін басқаратын Қазақстан кеңестерінің съезін шақырғанға дейін уақытша орган –әскери-революциялық комитет (Кирревком) құрылды. Өлкенің әскери-азаматтық жоғары басқару билігі осы комиттеттің қолына берілді. 1919 жылғы 30 қыркүйекте Кирревкомның юстиция (әділет) бөлімін құру туралы қаулысы қабылданды. Сол жылдарда орталық юстиция бөлімі құрамына сот-тергеу, әкімшілік-шаруашылық, зандық болжам, жазалау және нотариат бөлімшелері кірді. Кирревкомның 1920 жылғы 30 шілдедегі қаулысымен орталық юстиция бөлімі өлкелік юстиция халық комиссариаты болып құрылды. Ол заң шығарушы, нұсқау беруші, хабардар етуші және барлық әділет органдарын біріктіруші орган болды және оған бүкіл республика аумағында сотқа қатысты істі басқару мен жетекшілік жасау міндеті жүктелді.

1920 жылғы 26 тамызда Бүкіл ресейлік Орталық Атқару Комитеті мен РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесі: «Автономиялық Қырғыз (Қазақ) Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы» декрет қабылдады. Қазақ Республикасын басқару үшін бекітілген халық комиссариаттарының қатарында Юстиция халық комиссариаты да болды. 1946 жылдан бастап Юстиция халық комиссариаты Қазақ КСР Юстиция министрлігі деп аталды. Міне, әділет органдарының қысқаша тарихы осындай. ­

– Құрылымдағы ұйымдар мен департаменттердің басқармалардың бір-бірінен ерекшеліктері қандай? ­

– Әділет министрлігінің құрылымындағы ұйымдардың, департаменттер мен басқармаларының жұмыстары сол департамент, ұйымдар мен басқармалар туралы бекітілген ережеге сәйкес қызметтер атқарады. Жұмыстарындағы ерекшеліктер оларға жүктелген міндеттер мен құзыреттілігінде болып табылады. Мысалға, Текелі қалалық ауданаралық әділет басқармасы Кербұлақ, Көксу, Қаратал, Ескелді аудандары мен Текелі қаласы аумағындағы мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық емес бағыттағы заңды тұлғаларды (қоғамдық және діни бірлестіктерден басқа) тіркеу қызметтерін жүргізсе, облыстық әділет департаменті жергілікті мәртебесі бар қоғамдық бірлестіктер мен діни бірлестіктерді олардың филиалдары мен өкілдіктерін тіркейді. Сондай-ақ, әділет департаментімен нотариустардың қызметін тексеру, нотариустар мен адвокаттардың іс-әрекетіне қатысты түскен арыз-шағымдарды қарау мен ҚБПҮ мақсатында қабылданатын жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілерін тіркеу құзыреті берілгендігін атап өтуге болады. Сонымен қатар, аудандарда ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімдер құрылған. Аталған бөлімдер «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Заңының 138-бабының нормаларына сай, мемлекеттен өндіріп алу, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке және олармен үлестес заңды тұлғаларға тиесілі заңды тұлғадан өндіріп алу, табиғи монополиялар субъектілерінен өндіріп алу, өндіріп алу мөлшері бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын соманы мемлекет пайдасына өндіріп алу, мүлікті тәркілеу не мүлікті мемлекетке беру туралы және мемлекет мүддесіне жүргізілетін үйден шығару, үйге қоныстандыру, үйлерді бұзу, жер учаскелерін алып қою және басқа да істердің санаттары туралы атқарушылық құжаттарды қоспағанда, осы Заңда көзделген барлық атқарушылық құжаттарды қабылдап, осы бағыттағы атқарушылық іс жүргізу жұмыстарын жүргізеді. Аталған қызметті тек мемлекеттік сот орындаушылар атқаратындығын атап өткен жөн.­

Облыстық әділет департаментінің құзыретіне шолу жасап, биылғы атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз?­

Жоғарыда атап өткендей, әділет департаменті бірнеше бағыттар бойынша жұмыстар атқарады. Сол бағыттардың бірі ­– сот шешімінің орындалуы өзекті мәселелердің бірі және олардың толық әрі уақытылы орындалуы бәріміздің ортақ міндетіміз екендігі барлығымызға мәлім. Осы шешімдердің ішінде әлеуметтік маңызы бар атқару өндірістері ол алимент және мемлекет пайдасына өндірілуі тиіс атқару құжаттары болып келеді.

Былтырғы жылмен салыстырғанда алимент өндіру туралы атқару құжаттарының саны біршама азайды, алайда бұл бағыттағы жұмыстар сот орындаушылармен тұрақты түрде жүргізілуі қажет.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669 бабымен ағымдағы жылдың 6 айында 200 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, өткен жылдың ұқсас мерзімінде бұл көрсеткіш   160 адамды құраған. Сонымен қатар, Қылмыстық Кодекстің 139 бабымен  7 борышкер ағымдағы жылдың 6 айында қылмыстық жауапкершілікке тартылса, өткен жылдың осы мерзімінде 6 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Облысымызда 510 адвокат бар болса, сол адвокаттардың іс-әрекетіне қатысты түскен арыз-шағымдарды қарау нәтижесі бойынша 1 адвокаттың лицензиясының қызметі уақытша шектелді, 4 адвокаттың лицензиясының қызметі тоқтатылды. 2 адвокат тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 668 бабы бойынша адвокаттар тарапынан түскен арыздарды қарау нәтижесі бойынша 5 лауазымды тұлға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 668 бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Облыс аумағында 1 заңгерлер консультатциясының паласы бар және ол жерде 215 заңгер консультант қызмет атқарады. 329 нотариус қызмет атқарса, 1 нотариустың лицензиясының қызметі уақытша тоқтатылған. 10 нотариус тәртіптік жауапкершілікке тартылып, нотариустарға қатысты 12 тексеру жүргізілді.  ­

Алматы облысынан Жетісу облыстық департаменті бөлініп шықты. Осыған байланысты алдағы кезде қандай өзгерістер болады? ­

Президент Жарлығымен Алматы облысынан Жетісу облысының бөлініп шығуына орай, қазіргі таңда, Жетісу облыстық әділет департаменті құрылып, ауданаралық әділет басқармалары мен ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімдері қайта тіркеуден өтті. Облыс бөлінгенімен әділет органдары бір қалыпты жұмыстар атқарып, өз құзыреті аясында халыққа қызмет көрсетуін жалғастыра береді.

Сұхбаттасқан - Айдар ҚАЛИЕВ

Жетісу облысы