БАНК ПЕН ПОЛИЦИЯ ӨКІЛДЕРІ БІРІГІП, ЕСІРГЕН АЛАЯҚТАРДЫҢ ЖОЛЫН КЕСПЕК

Уақыты: 27.09.2022
Оқылды: 1204
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Әленовтің нұсқауымен криминалдық полиция басқармасы қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу және болдырмау мәселелері бойынша банк өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар ақпараттық-телекоммуникациялық технологияларды пайдалана отырып жасалатын алаяқтық санын азайту бойынша бірлескен жұмыс мәселесін талқылады.

Бүгінгі таңда ақпараттық-технологиялар арқылы алаяқтық жасауға байланысты қылмыстарды ашу және тергеу мәселесі құқық қорғау органдарының алдындағы өткір мәселелердің бірі. Полицейлер үшін бүгінде қаржы мекемелерімен тығыз өзара іс-қимыл жасау - алаяқтық қылмыстарды анықтау, ашу және тергеу кезінде жедел ақпарат алмасу үшін маңызды. Құқық қорғау органдары ұрланған қаражаттың қайда, қалай кеткені және алаяқтардың деректемелері туралы ақпаратты неғұрлым тез алса, мұндай қылмысты ашу ықтималдығы және иесіне ақшаны қайтару мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.

- Ағымдағы жылдың басынан бастап полиция басқармасына алаяқтық фактілері бойынша 467 арыз келіп түсті, оның 346-сы интернет-алаяқтық бойынша. Жасалу тәсілдері бойынша қылмыскерлер банк қызметкері ретінде өздерін таныстырған - 251 факті, "ОЛХ", "Колеса-KZ", "Instagram" хабарландыруларында интернет арқылы төлеу жолымен - 45 алаяқтық, онлайн қарыздарды ресімдеу жолымен - 16, жобаларға (инвестицияларға) қаражат салу жолымен - 34 факті тіркелді. Осылайша, зардап шеккендерге жалпы сомасы 146 млн.теңгеден астам шығын келтірілген, - деп атап өтті Алматы облысы полиция департаментінің өкілі, полиция полковнигі Асхат Данияр. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары мен банк өкілдері халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша алдын алу сипатындағы қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін, банк клиенттеріне қатысты санкцияланбаған операцияларға уақЫтылы ден қою және жолын кесу тәсілдерін талқылады.

Дегенмен, интернет-алаяқтарды жедел анықтауға мүмкіндік бермейтін бірқатар проблемалар бар. Осы орайда, тарап өкілдері ақпараттық-телекоммуникациялық технологияларды пайдалана отырып жасалатын алаяқтықпен күресте жаңа пәрменді шараларды пысықтау туралы уағдаласты.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"