ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУДА ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ РӨЛІ ЗОР

Уақыты: 30.09.2022
Оқылды: 1258
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

«Өлке тынысы» ЖШС-ның комплаенс-офицері Жанар Қабасова комплаенс қызметінің мақсаты мен міндеттерін түсіндіру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында кезекті басқосуын өткізді.

Ұйым қызметкерлерімен өткен кездесуде ішкі талдау нәтижелері талқыланып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы сөз болды.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмысының ең негізгі қағидасы – жариялылық. Сондықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды қалыптастыру, жемқорлыққа қарсы іс-қимылды кеңінен насихаттау, жемқорлыққа қарсы саясатпен өңірлерді, қызмет салаларын, ірі кәсіпорындарды кеңінен қамту үшін бұқаралық ақпарат құралдарында үздіксіз материалдар жариялау жемқорлыққа қарсы күрес органдарының маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.

Бұқаралық ақпарат құралдары сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуде үлкен маңызға ие. Атап айтқанда, журналистер қауымы жемқорлыққа қарсы ақпараттандыру деңгейін арттырып қоймай, сонымен бірге, қазіргі заманның жағымсыз құбылысы ретінде қоғам көзқарасын өзгерте алады. Журналистер сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше назар аударады.

Кездесуде комплаенс-офицеріне бірқатар сұрақтар қойылып, жемқорлықпен күрес тақырыбында ЖШС қызметкерлерімен сындарлы диалог жүргізілді.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Жетісу облысы