АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АУЫР ҚЫЛМЫС ЖАСАҒАН 14 АДАМ ҰСТАЛДЫ - АРНАЙЫ ОПЕРАЦИЯ

Уақыты: 29.09.2022
Оқылды: 1207
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде іздеудегі 14 қылмыскер ұсталды. Республикалық операция ТМД елдерімен бірлесіп жүргізілді.

Алматы облысы аумағында ТМД елдерімен бірлескен операция жүргізілді. Оның барысында полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері Алматы облысы бойынша ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, аса ауыр және ауыр қылмыстар жасағаны үшін іздестіріліп жатқан қылмыскерлерді ұстау бойынша бірқатар арнайы операция ұйымдастырды.

"Мәселен, "Алтын Орда" базарының аумағында Тәжікстан Республикасының екі азаматы ұсталды. ҚР ІІМ біріктірілген деректер базасы бойынша тексеру барысында азаматтардың РФ Қылмыстық Кодексінің 105-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыс жасағаны (кісі өлтіргені) үшін іздестірілетіні анықталды. Ұсталғандар қамалды", - деді Алматы облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Шалқаров.

Жалпы, жедел алдын алу іс-шарасын жүргізу кезеңінде барлығы 14 іздеудегі күдікті ұсталып, бұрын хабар-ошарсыз кетті деп жарияланған 10 адам анықталды.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"