ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН МЕМЛЕКЕТТІҢ МӘРТЕБЕСІ БИІК, БОЛАШАҒЫ ЗОР

Уақыты: 23.11.2022
Оқылды: 1995
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханұлы «Ұлтқа қызмет ету – мінезден» теп текке айтпаған. Ұлт мәртебесін биік көтеріп, ел абыройын асқақтатып, биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін қалың елге жария көрсетіп, халық үніне құлақ асатын мемлекеттік қызметшілер – қоғамның айнасы. Сондықтан да еліміздегі әрбір тұрғынның өтініш-тілегін орындауда мемлекеттік қызметшілердің алар орны мен рөлі ерекше.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшінің моральдық-әдептілік құндылықтарының құлдырамай керісінше жоғарылауы үшін Әдеп жөніндегі уәкіл институты өз жұмысын жүйелі жүргізіп келеді. Әдеп жөніндегі уәкіл – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыратын, сонымен қатар өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультация беретін мемлекеттік қызметші.

Дәл осы мақсаттағы жұмыс Жетісу облысында жүйелі әрі жоспар бойынша жоғары деңгейде атқарылуда. Оған өңірдегі әрбір мемлекеттік мекемеде қызмет істеп жүрген мемлекеттік қызметкерлермен еркін форматта өткен жиын, басқосу, ашық сауалнама, азаматтарды қабылдау, БАҚ өкілдерімен мемлекеттік қызметшілерге қатысты тақырыптарда арнайы конференция, брифинг жиындар дәлел.

Жоғарыда аталған жауапты қызметті мінсіз орындап келе жатқан Жетісу облысының барлық аудан, қаласындағы Әдеп жөніндегі уәкілдердің еңбектерін ерекше атап өткеніміз жөн. Әр жұмыстың жүйелі әрі нәтижелі іске асуына асқан жауапкершілікпен қарайтын Жетісу облысы әкімі аппаратының  Әдеп жөніндегі уәкілі Ғабит Тұрсынбайдың мол тәжірибесі негізінде осы қызметтің облыс бойынша жанданып келе жатқанын көрсетеді. Әдеп жөніндегі уәкілдер институтының нығайып, жақсы нәтиже көрсетіп жұмыс істеуі қарапайым халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімінің артуына, мемлекеттік қызметшілердің мәдениетінің бір ізде қалыптасуына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасының, қызметтік әдеп нормаларының бұзылуының алдын алуға мол мүмкіндік береді. Сондықтан да олардың адал еңбегі мен тынымсыз жұмысының жауаптылығына қарай еңбекақыларына 30 пайыздық үстемақы қосылды.

Облыс әкімдігінде бюджет, мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамаларын түсіндіру мақсатында, мемлекеттік қызметшілерге арналған құқықтық оқыту жұмыстары да назардан тыс қалған емес. Облыс аумағы бойынша жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының «Сенім» телефоны тынымсыз жұмыс істеп тұр.

Облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» саяси-қоғамдық газетінде жеке және заңды тұлғаларды қабылдау бойынша қажетті ақпараттар жарияланып, жоспар бойынша Жетісу жұртшылығына арнайы бейнероликтер түсірілді. Алдағы уақытта да бұл аталған жұмыстар өз жалғасын таба береді. Осы жұмыстардың нәтижесіне қарап Жетісу облысында мемлекеттік қызметшілер мен облыс тұрғындарының арасында Әдеп жөніндегі уәкілдер институты беделінің артып келе жатқанын байқаймыз.

Биыл «Жетісу облысы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің басшысы Нұржан Егінбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Қобылан Манап және облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Ғабит Тұрсынбай арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Бұл құнды құжатта қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және Мемлекеттік қызмет туралы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимыл, Жетісу облысының жергілікті мемлекеттік және басқа да органдарының мемлекеттік қызметшілерінің бұзылған құқықтарын қорғау, қалпына келтіру, Жетісу облысының аудандары мен қалалары жергілікті атқарушы органдарының Әдеп жөніндегі уәкілдерінің жұмысын жандандыру көзделген. Жалпы, үш тарап ынтымақтастықты дамытудың тиімді жолын көрсетті. Сондай-ақ, меморандум шеңберінде негізгі нысаналы индикаторлар арқылы Жетісу облысының жергілікті атқарушы органдары  Әдеп жөніндегі уәкілдерінің қызметін бағалаудың өңірлік әдістемесі бекітілді. Енді тоқсан сайынғы негізде олардың қызметін бағалау бекітілген түйінді нысаналы индикаторлар негізінде жүргізілетін болады. Түйінді нысаналы индикаторлар – Әдеп жөніндегі уәкілдері қызметінің тиімділігін анықтайды.

Жетісу облысының әр ауданы мен қаласында облыс бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің бастамасымен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында азаматтарды қабылдау тұрақты жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, департаменттің бастамасымен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Жетісу облысы бойынша филиалы қызметіндегі өзекті мәселесін талқылау барысында келелі кездесулер ұйымдастырылып тұрады. «Qyzmet live» жобасы да өз нәтижесін беріп келе жатқаны қуантады.

Қазіргі таңда республика бойынша алғаш болып «Тиімділікті бағалау» жобасы Жетісу облысында жүзеге асырылып жатқанын ерекше атап өткеніміз жөн. Бұл жобада мемлекеттік қызметке қатысты қызметтің қаншалықты жақсы, жоғары деңгейде атқарылғаны бағаланып, нәтижесі Әдеп жөніндегі кеңес отырысында шығарылады.

Мемлекеттік қызметтің мәртебесі биік болғанымен жүгі ауыр. Лауазымды тұлға қызметтік этиканы сақтау, әдеп нормаларынан аспау, халыққа сапалы қызмет көрсетіп, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу керектігі заңды тұрғыда міндеттелгенін ұмытпауы тиіс. Елге қызмет ету қашан да мерейлі мәртебе. Қазіргі жаһанданудың өрелі биігіне қол созған тәуелсіз елімізді өркендету жолында еселі еңбек етіп жатқан мемлекеттік қызметшілердің ісіне береке тілейміз.

Жеңіс АНДАБЕКОВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жетісу облысы бойынша департамент басшысының орынбасары,

Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі