ШЕТЕЛДІК КӨЛІКТЕРДІ ЗАҢДАСТЫРУ: ПОЛИЦИЯ ЖАҢА ЕРЕЖЕНІ ТҮСІНДІРДІ

Уақыты: 17.01.2023
Оқылды: 1954
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қонаев қаласындағы өңірлік коммуникация алаңында шетелдік автокөліктерді заңдастыру тақырыбында баспасөз мәжілісі өткізілді. Маңызды шараға Алматы облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Арман Тіленшин қатысып, шетелдік автокөліктерді тіркеу және оның заңдылықтары жайында кеңінен тарқатып айтып берді.

Баршамызға мәлім, Мемлекет басшысы елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік автокөліктерді бір реттік заңдастырудан өткізу міндетін қойып отыр. Осы тапсырманы орындау мақсатында бірқатар нормативтік құжатқа қажетті заңнамалық өзгерістер енгізілген.

Баспасөз мәжілісінде Арман Қайбарұлы ҚР Салық кодексіндегі өзгерістерді түсіндіріп, кәдеге жарату алымының күші жойылғанын мәлімдеді. Сонымен бірге, 200 мың теңгелік баж салығының заңдылықтарын баяндап, заңдастыру жұмысы арнайы акция аясында осы жылдың 23 қаңтарынан басталатынын айтты.

- Көрсетілген қағидаларға сәйкес, автокөліктер қандай жағдайда заңдастыруға жатады? Біріншіден, көлік құралына 200 000 теңге алым төленеді және утилалымнан босатылады. Осы ереже негізінде заңдастыруға жататын нақты өлшемшарттары белгіленеді. Екіншіден, көлік 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген болуы керек. Үшіншіден, қандай да бір іске қатысты іздеуде болмауы қажет. Төтріншіден, басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылған болуға тиіс. Соңғы талап – кедендік тазартудан өтіп, оң сараптамасы берілуі міндетті, – деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары.

Айта кетейік, 200 000 теңгелік баж салығы мен утилалымнан босату міндеттемесі «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексіне» (Салық кодексіне) және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2022 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы аясында қолданысқа енгізіліп отыр. Одан бөлек, Үкімет биылғы жылдың 11 қаңтарында Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын алғаш тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолданудың және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінен босату қағидаларын, шарттары мен мерзімдерін бекіткен болатын.

- Бұл ережелер алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Яғни, 16 қаңтарда жарияланғанын ескере отырып, олар 2023 жылдың 23 қаңтарында (дүйсенбіде) күшіне енетінін және сол күннен бастап біз шетелдік автокөліктерді заңдастыруға кірісетінімізді мәлімдейміз. Ереже 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін күшінде болады және жеңіл автокөліктерге, шағын және орта автобустарға (толық салмағы 5 тоннаға дейін) және шағын жүк автомобильдеріне (толық салмағы 3,5 тоннаға дейін), оның ішінде, оң жақты басқару рулі бар автокөліктерге де жарамды, – деді Арман Тіленшин.

Брифингте белгілі болғанындай, бастапқы тіркеуге жататын шетелдік автокөліктердің жылына және экологиялық сыныбына ешқандай талап қойылмайды.

Жиыннан кейін журналистер тарапынан бірнеше сұрақ қойылды.

Мәселен, «Автокөліктерді заңдастыру қалай жүзеге асырылады?» деген сұраққа полиция өкілі: «Заңдастыруға өтінішті «Электрондық үкімет» порталы арқылы немесе арнайы АвтоХҚКО-ға жеке жүгіну арқылы беруге болады. АвтоХҚКО-да арнайы сектор ұйымдастырылады, олар тек автокөліктерді заңдастыруға қажетті құжаттарды қабылдауды жүзеге асырады. Сондай-ақ, сол жерде Әкімшілік полиция қызметкері отырады. Олар заңдастыру тәртібін түсіндіреді. Онда мемлекеттік кіріс органдарының қызметкері де жұмыс істейді. Олар қажет болған жағдайда кедендік төлемдерді төлеудің тәртібін айқындайды», – деп жауап берді. Ал «Қандай құжаттарды ұсыну қажет?» деген сауалға полиция өкілдері төрт түрлі құжат керек екенін алға тартты. Оның біріншісі өтініш жазу, екіншісі жеке куәлік, үшіншісі көлік құралының паспорты немесе көлік құралын тіркеу туралы куәлік, сондай-ақ, көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат қажет.

Брифинг қорытындысында Арман Қайбарұлы бұл шара уақыты шектеулі бір реттік шара екенін еске салып: «Заңдастырудан өтпейтін немесе 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін әкелінген және Қазақстан азаматтарымен жалпы тәртіппен тіркелмейтін автокөліктер ел аумағында заңсыз болып есептелетінін тағы бір рет хабарлаймын», – деді.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Қонаев қаласы,

Алматы облысы