Жастарды көшеден мәжбүрлеп әскерге алып кету қисынға келе ме?

Уақыты: 14.04.2023
Оқылды: 1233
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу өңірінде әскерге шақыру қарқынды жүргізілуде. Дегенмен, өңір бойынша 1058 азамат Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарып жүр екен. Бұл жайында Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында Жетісу облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мамандары мәлім етті.

Сала мамандарының сөзіне сүйенсек, әскерге шақыру науқанының өз артықшылықтары бар. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті персоналмен жұмыс істеу жөніндегі қызметінің басшысы Мақсат Бейісов әскер қатарына қосылғандардың екінші деңгейлі банктер алдындағы қарызы мен несиесін төлеуі кейінге қалдырылып, олардың кредиттік демалысқа қол жеткізетіндерін алға тартты. Бұл Отан алдындағы борышын өтеп жатқан азамат туған-туыстарына артық салмақ салмайды деген сөз. Сонымен қатар, мерзімді әскери қызметін өтегендер ҰБТ нәтижесін ескермей-ақ ақылы түрде жоғары оқу орындарына түсе алады. Мұндай мүмкіндік Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери оқу орындарында да қарастырылған. Қасиетті борыныш өтеген азамат бұл оқу орындарында еш емтихансыз білімін шыңдай алады. Дегенмен, осындай мүмкіндіктер бола тұра әскерге барудан жалтаратындар түгесілмей тұр екен.

 – Отан алдындағы борышын өтеу – әр азаматтың міндеті. Дегенмен, сол міндетті орындаудан жалтаратын азаматтар да бар. Шыны керек, әскерге шақыруға ішкі көші-қонның артуы көп кедергі. Өңірдегі жасы келген азаматтар әскери есептен шықпай басқа аймақтарға көшіп кетеді. Нәтижесінде әскерден жалтарғандардың қатарынан табылады, - деді Мақсат Бейісов.

Мінбердегілер биыл запастағы офицерлерді келісімшарт бойынша әскери қызметке шақыру жайын да пысықтап өтті. Биыл өңірден әскери қызметке жарамды 345 офицер сапқа қосылмақ. Осылайша запастағы 29 жастағы офицерлер мен 32 жастағы медициналық қызметтегі офицерлер қатарға қосылады.

Жиын барысында БАҚ өкілдері тарапынан сауалдар жолданып, тұшымды жауап берілді. Мәселен, тілшілерді жастарды көшеден мәжбүрлі түрде күшпен әскерге алып кету жайы толғандырса керек. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті персоналмен жұмыс істеу жөніндегі қызметінің басшысы Мақсат Бейісовтің айтуынша, мұндай қисынға келмейтін дүниелер арнайы қойылымда болмаса, шынайы өмірде болмайды екен.

Д.Садық
Сурет ғаламтордан алынды