Ұсақ бұзақылық толастамай тұр: Биылдың өзінде 57 адам жауапқа тартылған

Уақыты: 18.04.2023
Оқылды: 1115
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Әрбір халықтың өз мәдениеті, тілі мен ділі, ұлттық құндылығы болатыны анық. Алайда қарым-қатынастың, алыс-берістің, барыс-келістің әсерімен ұлттық дүниетаным өзгеріп, өзгенің қаңсығы таңсыққа айналады. Мысалы, бір кездері үлкенге тіке қарауға батпайтын қазақ бүгінгі күні бетпақтау, ұятсыздау бола бастағаны жасырын емес. Оған ақ патшаның тұсында кірген басқыншылық, кейіннен кеңестік кезеңде қалыптасқан тілдік байланыс тікелей кінәлі. Соның кесірінен көшеде балағат айтып, ұл мен қызын әке-шешеден сыбап отыратындар шықты.

Ең сорақысы көптің балағаты. Мағынасын білсін, білмесін балағатты орысша жеткізіп, ойындағысын тұздықтап айтатындар қоғамдағы бұзық сөздердің қалыптасуына әсер етті. Бірнеше жылға сотталып, еңбекпен түзеу мекемесіне отырып келгендер түрлі жаргонмен тіл қатысып, былапыт боқтықты шалғай ауылдарға жеткізді. Кең таралған өзге тілдегі боқтық сөз кең-байтақ Қазақстанның барлық өңірінде дүрілдеп, үйреншікті әдетке айналды.

Тіпті, той-томалақта, ұрыс-керісте айтылатын былапыт сөздің түрлері шығып, жастардың аузын былғаған боқтық сөз сахналар мен әлеуметтік желілерден айтыла бастады. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 3 қаңтарда «Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне» қол қойып, қоғамдық орындарда балағат сөз айтуға тыйым салды. Соған байланысты енді аузына ие болмағандар 69 мың теңге айыппұл төлейді.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 6 наурыздан бастап күшіне енетін «Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде» балағат сөз айтқан жанға салынатын айыппұл көлемі 4 есеге өскені анық айтылған. Сондықтан былапыт сөйлеу ұсақ бұзақылыққа жатқызылып отыр. Егер құқық бұзушы айыппұлдан жалтарса 30 тәулікке қамалады.

Осыған орай Жетісу облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мырзабек Сырғабаевтан өңірдегі ұсақ бұзақылықтың жайын сұрап білдік. Оның айтуынша, қоғамды іштен ірітетін жаман әдетті бойына сіңіргендер толастамай тұр. Биылдың өзінде 57 адам жауапқа тартылған.

– Биыл жыл басынан облыс аумағында қоғамдық орындарда ұсақ бұзақылық жасаған, яғни, былапыт сөйлеген, жеке тұлғаларға ұрынып, жөнсіз тиіскен, тұрғын үй-жайларды қорлап, айналасын сыйламайтынын ашық білдіретін, халықтың тыныштығын бұзатын әрекет жасаған 57 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік құжаттарды ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің» 434-бабымен қараған сот органдары айыппұл салуға немесе қамауға алуға шешім шығарады. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 16,3%-ға артып отыр. Осыған орай ұсақ бұзақылықты болдырмау және алдын алу жұмыстары жалғасады, – деген полиция подполковнигі Мырзабек Сырғабаев тәртіп сақшыларына артылар жауапкершіліктің жоғары екенін түсіндірді.

Жалпы еліміздің заңнамасында балағат сөздер үшін жауапкершілікке тарту бұрыннан бар. Біреудің ар-намысына тиетін, жекебасының қадір-қасиетін қорлайтын сөз айту қылмыспен теңестіріліп, 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады немесе 120 сағатқа дейін еңбекпен түзеу, яки, қоғамдық жұмыстарға салу жазасы беріледі. Одан бөлек, жаза сот арқылы ескерту немесе 5 тәулікке дейін қамауға алу түрінде де беріліп келген.

Биылғы наурыздың 6-нан бастап балалардың не үлкен кісілердің көзінше қоғамдық орында боқтық сөз айтқан адамға 69 мың теңге айыппұл салынады немесе 15 тәулікке қамалады. Бір айта кетері оның өрескел әрекетін әшкерелейтін бұлтартпас дәлелдер мен айғақтар керек. Тіпті, қажет болған жағдайда құқық бұзушының аудио-бейне түсіріліміне сарапшы баға беруі тиіс. Содан кейін ғана заң бұзушылыққа сот шешім шығарады. Ал құқық бұзушының қай тілде балағат айтқаны маңызды емес.

Халқымыздың «басқа пәле – тілден» деген тәмсілі осыны меңзесе керек. Шынында өзгеге тілімен де, қолымен де зиян тигізбеген адамның жұлдызы биік, абыройы асқақ. Ондай жанды сапалы қазақ деуге әбден болады. Сондықтан ұлттың сапасын көтерейік, ағайын!

Мәди Алжанбай