Нотариат мөрі – бұлтартпас дәлел

Уақыты: 23.04.2023
Оқылды: 978
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Бүгінгі таңда нотариаттық қызметтің атқаратын рөлі орасан зор. Оны күнделікті өмірімізде көріп, біліп жүрміз. Кез келген жағдайда құнды қағаздарды растауда нотариаттың кепілдігі керек. Тіпті құжаттың көшірмесін жасасақ та нотариат мөрінсіз құжат жарамсыз болып табылады. 

Жылжымайтын мүлік сатқанда онсыз іс тындыра алмаймыз. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын қызым Түркия еліне оқуға құжат тапсырды.  
Алматыдағы Түркия елшілігіне  жекебас куәлігі, телеарнада журналист болып қызмет атқарғандығы жөніндегі құжатты нотариат кеңсесінің мөрі  басылған анықтама арқылы өткізді. Апостиль жүргізуде де нотариалдық кеңсенің көмегіне жүгіндік.  

Егер, осы кезде нотариаттық қызмет болмаса тығырыққа тірелер едік. Нотариаттық кеңседе қызмет істейтін мамандардың біліктілігі жоғары екеніне көзім анық жетті. Кез келген жағдайда құжатты қалай рәсімдеу керектігін, қалай істесе дұрыс болатынын, заң шеңберінен аспау қажеттігін айтып, түсіндіреді. Қызметті тез, сапалы орындап береді. Сапалы қызметтің арқасында жұмысымыз кедергісіз өтті. Нотариат арқылы берілген сенімхаттардың  іс жүргізуде рөлі зор.

Мысалы, туған жері, ата-анасы осы жерде болғандықтан құжаттарын рәсімдеу үшін шетелде оқып жатқан қызымнан сенімхат алып қалдым. Ол да нотариат арқылы жасалды. Жақында үй құжатын ресімдеу керек болды. Басында не істерімді білмей есім шықты. Адамның ойына алдымен не істеймін деген сұрақ келеді ғой. Сенімхаттың бар екенін ұмытып кетіппін. Және ол барлық мәселені шешуге негіз бола алады деп ойламаппын.  Қызым алыста, оның шаруалары қалай атқарылады деген ой қылаң беріп, абдырып қалғаным рас. Сол кезде  нотариаттан алған сенімхат есіме түсті. Нотариаттан алған сенімхат арқылы барлық құжат реттелді.

Осылайша, нотариаттың жұмысына үлкен сенім арттым. Нотариат қағазының арқасында шешілген тағы бір мәселені айта кетейін. Осыдан бірнеше жыл бұрын көлік саттым. Ол кезде сатып алушыға  3 жылға сенімхат беру үрдісі болған.  Көлік алған адам  сол қалпы жоқ болып кетті. Ал оның айыппұлдары маған келе бастады. Сонда мен қалалық полиция басқармасына барып,  машинаны 3 жылға нотариат арқылы сенімхатпен сатқанымды дәлелдедім.  Нотариалдық құжатты көрсетіп, автомобиль инспекциясына өтініш жазып, көлікті өз атымнан тіркеуден алдырттым. Әйтпесе, осы күнге дейін қанша айыппұл төлейтін едім. Міне, нотариаттың маңыздылығының тағы бір дәлелі.

Бізде көп ретте адамға сеніп, мүлкімізді немесе қаражатты қарызға бере салу әдетке айналған. Заңдылығында олай жасауға болмайды. Міндетті түрде берген-алғанды нотариалдық кеңсе арқылы растау керек.  Әйтпесе, адам аласы ішінде. Оның не ойлап тұрғанын білмейсіз ғой. Оның үстіне өмірде әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Сондықтан екіжақты қол қойған келісімшарт жасасқанда міндетті түрде нотариат қызметіне жүгінген жөн және заң сіз жақта болады.

Нотариат мөрі – бұлтартпас дәлел. Шаруаңызды заңмен рәсімдесеңіз ертең құқыңыздың қорғалатынына, сенген адамыңыздың алдап кетпейтініне сенімді боласыз. Нотариаттың көмегіне жүгіну – ертеңгі алаңсыз өміріңізге жасалған кепіл. Өз басымнан өткен осындай түрлі жағдайларды саралай отырып, нотариалдық  қызметінің маңыздылығын ерекше атап өткім келеді.  Нотариалдық қызметтің аясы кеңейе беретініне сенім мол.

Гүлжан ТҰРСЫН