ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІП КҮЗЕТІНДЕ

Уақыты: 04.12.2017
Оқылды: 1336
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Биыл облыстық прокуратураға 85 жыл толып отыр. 1932 жылдың наурыз айында іргетасы қаланған Алматы облысының құрамында облыстық прокуратура да құрылады. Ресми іс қағаздарының қазақ тілінде жүруіне үлкен мән берген алғашқы прокурор Ибрагим Қаипов прокуратура аппараты қызметкерлерінің қазақ тілін үйренуін тапсырып, тіл білмейтін қызметкерлерді қазақ тілі сабағына қатысуды міндеттейді. Өзі қазақ тілінде жазылған құжаттарға «Қаип ұлы» деп қол қойған. Бұған дәлел облыс архивінің қорында сақталған Прокуратура жарлықтарында тұр. 

Мысалы, 1933 жылы мамырдың 27-сі күні шығарылған №73 Жарлықта: «Қазақ тілін үйренуге ашық құлықсыздық танытқан облпрокуратураның кейбір қызметкерлері Крюковский және прокурор көмекшісі Михаилов қазақ тілі сабақтарына түрлі себепсіз сылтаулармен мүлдем қатыспайды. Облпрокуратураның құпия бөлімінің меңгерушісі Рыков ылғи қазақ тілі сабақтарына кешігіп келеді. Сондықтан прокуратура аппаратының жергілікті жерге тамыр жайып нығаюына қарсы осындай шовинистік көзқарастар қазақ тілі сабақтарына қатыспаудан көрініп тұр. Аға тергеуші Крюковский мен прокурор көмекшісі Михаиловқа сөгіс жариялаймын. Құпия бөлімнің меңгерушісі Рыковқа ескертемін. Сонымен бірге, облпрокуратураның барлық қызметкерлеріне ескертемін, прокуратура аппаратының жергілікті жерге тамыр жайып нығаюына қарсы болып қазақ тілін үйренуге осы сияқты шовинистік көзқарас танытқандар қылмыс саналады, бұларға қатаң жаза қолданамын, жұмыстан қуып жіберу мен қылмыстық жауапкершілікке тартуға дейін барамын» – деп жазылған.
Алайда мұндай қадамы партиялық бақылау қызметкерлеріне ұнамай қалған облыс прокуроры 1934 жылы басқа жұмысқа ауыстырылады. 
«Кеңес өкіметіне қарсы және ұлтшыл» деген айып тағылып, Саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Алматы қаласы және облыс прокурорлары көп. Олардың қатарынан Қанай         Боранбаевты,  С. Мамбеевті, Ибрагим Қаиповты және прокурор көмекшілері Мұхамеджанов, Мурзаходжин, Алимхановтарды атауға болады.
Бір ғана 1937 жылдың өзінде прокуратура органдарында тазалау жүргізіліп, көптеген басшылар негізсіз жұмыстан шығарылды, солардың бірқатарына «революцияға қарсы және  ұлтшыл топтардың мүшесі», Қылмыстық кодекстің 58-бабы бойынша «Халық жауы» деген жала жабылып қамауға алынды. Бұл жаппай саяси қуғын-сүргін кезеңі еді. Жазықсыз жазаланған заң қызметкерлері 50-ші жылдары ақтала бастады. Өкінішке қарай олардың көбі толық ақталған күндерін көре алмай, ату жазасына кесілді немесе Қиыр Шығыста, Сібірде каторгада қаза тапқан еді.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында прокуратура мамандары өшпес ерліктің өнегесін көрсетті. Соғыс басталған 1942 жылдың тамыз айында 411 прокуратура  қызметкері Қарулы Күштер қатарына шақырылып, ел тәуелсіздігі үшін өз өмірлерін қиды.
Соғыс аяқталған соң прокуратураның қызметкерлері ауылшаруашылығын қалпына келтіруге белсенді қатысып, мемлекеттік және қоғамдық меншікті мүлтіксіз қорғады, еңбек тәртібін бұзған адамдармен аянбай күресті. Сөйтіп, мемлекет дамуының барлық кезеңінде прокуратураның рөлі өсіп, әрбір азаматтың мүддесін қорғау міндетін мүлтіксіз атқарды.
Елімізде болып жатқан тың үрдістер мен заң саласындағы өзгерістер адамды қоғамның  жоғарғы құндылығы ретінде бірінші кезекке шығарып, азаматтардың сотпен қорғау құқығын кеңейте түсті. Жеке адамның құқығын қорғау республика прокуратура органдары қызметінің негізгі мазмұнына айналды.
Облыстық прокуратура аппаратына бағынышты 21 мекеме қалалық және аудандық прокуратура және еңбекпен түзету мекемелері бар. Олар Алакөл, Ақсу, Балқаш, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Іле, Қарасай, Көксу, Кербұлақ, Қаратал, Талғар, Ескелді, Панфилов, Райымбек, Сарқан, Ұйғыр аудандары, Қапшағай, Текелі, Талдықорған қалаларында орналасқан. Қазіргі уақытта облыс прокуратурасының тарихынан хабар беретін 1930–2006 жылдар аралығындағы құжаттар Алматы облысының мемлекеттік архивінде ерекше ұқыппен жинақталып, сақтаулы тұр.
Қазіргі кезде облыс прокуратурасы басқа мемлекеттік органдар қызметін алмастырмайды және әртүрлі шаруашылық субъектілерінің қызметіне негізсіз араласпайды. Сонымен қатар, Прокуратура ҚР Конституциясының 83-бабына сәйкес мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғалары жол берген заң бұзушылықтарды анықтауды күшейтіп, орын алған кемшіліктерді заңда қаралған тұрғыда жоюға ықпал етеді, оның ішінде атқару және сот биліктерінің заңсыз актілеріне наразылық келтіріп, сондай-ақ, қолданыстағы заңдар мен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарын орындамау фактілерін қалт жібермейді.
Биыл қызметіне 85 жыл толып отырған облыс прокуратурасы қызметкерлерінің еңбегіне табыс, үлкен жетістіктерге жетуін тілейміз.

П. Бекенова,
облыстық мемлекеттік архивтің ғылыми-анықтамалық бөлімінің қызметкері.