Желіде Серік Күдебаевқа қатысты қауесет пайда болды

Уақыты: 05.05.2023
Оқылды: 1047
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Желіде бұрынғы полиция генерал-майоры Серік Күдебаев Астанаға ауыстырылады деген ақпарат пайда болды. Алматы және Жетісу облыстары бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті қауесетке жауап берді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.

"Талдықорған қалалық сотының Күдебаевқа қатысты үкімі заңды күшіне енген жоқ. Қазіргі уақытта сотталушы Талдықорған қаласының №71 мекемесінде қамауда. Сотталған Күдебаевты мекемеге ауыстыру туралы ұйғарым түскен жоқ", – деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетсек, Серік Күдебаев 2022 жылы сәуір айының соңында қызметінен босатылып, мамыр айының ортасында қаңтар оқиғасы бойынша күдікке ілінген еді. Биыл қаңтар айының басында оған қатысты сот отырысы басталды.

Сот отырысында ол өзінің кінәсіз екенін айтып, өзіне қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатуды сұрады. Генерал-майорға Қылмыстық кодекстің 362-бабы ("Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану") және 146-бабы ("Азаптау") бойынша айып тағылған.

Сотта прокурор Күдебаев жауапты тұлға бола тұра, қаңтар оқиғасы кезінде шабуылды тойтару және аймақтағы жағдайды тұрақтандыру шараларын қабылдамағанын атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік айыптаушы генерал-майорды 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. 

Фото: көрнекілікке алынды