Әйелдер кәсіпкерлігі өрістеп келеді

Уақыты: 07.12.2017
Оқылды: 1496
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстан Республикасы Президентi жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi Ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Ләззат Сүлейменова және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко Текелі қаласындағы екі кәсіпорынның жұмысымен танысты. Қонақтарды Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев қарсы алды.  Алдымен қонақтар қаладағы іргелі өндіріс орындарының бірі саналатын «Суффле Қазақстан ашытқы зауыты» акционерлік қоғамының тыныс-тіршілігімен танысты. Айнұр Сүлейменова басшылық ететін кәсіпорын еңбеккерлері аталмыш зауыттың жан-жақты даму үстінде екендігін әңгімелеп, іске асырылып жатқан жұмыстарды сөз етті. Мамандардың айтуынша, отандық өндірістің өркендеп, өңір экономикасының өсуіне ықпал етіп отырған өндіріс ошағының жұмыс істеп келе жатқанына да жиырма жылдан асыпты. Кәсіпорын негізінен шетелдік жабдықтармен жабдықталған.     
Жылдық өндірістік қуаты сексен мың тоннаны құрайды. Әлемдік стандартқа сай деп танылған отандық өнім елде ерекше танымалдылыққа ие. Барлығы екі мың шаршы метрден астам аумақты алып жатқан зауыттың жұмыс құрылымы да күрделі. Ашытқы алуға қажет арпаның өндіріске кіргеннен бастап дайын өнімге айналуына дейінгі жұмыс барысы автоматты түрде жүзеге асырылады. Дайын өнімдер Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан сияқты ТМД елдерінің түкпір-түкпіріне таралады. Қазір мұнда сексенге жуық адам жұмысқа тартылған. 
– Бүгінгі таңда әр салада еңбек етіп, ел дамуына күш салып жүрген қыз-келіншектер жыл сайын көбейіп келеді. Олар кәсіпкерлікті өркендетуде айтарлықтай белсенділік танытып жүр. Соның ішінде шағын және орта кәсіпте шаруасын дөңгелентіп, ерекше қырынан танылып жүргендер де бар. Жалпы, біздің жұмыстың негізгі бағыты – әйелдерді экономикалық және саяси жағынан қолдау. Текелі қаласындағы кәсіпкер келіншектердің бүгінгі жұмыстарын көріп, қуанып отырмыз. Көңіл өсіретін істер бар. Себебі, қазір аталған саланың дамуына Үкімет тарапынан барынша жағдай жасалып жатыр. Шағын және орта бизнестің қырық пайызын қыз-келіншектер ашып отыр. Сондықтан, Мемлекет берген көмекті дұрыс пайдаланып, кәсіпкерліктің жандануына септігін тигізіп жүрген бүгінгі кәсіпкер әйелдердің атқарып отырған жұмыстары көпке үлгі, – дейді Ләззат Жаңылысқызы. 
Бұдан соң Ләззат Жаңылысқызы мен Елена Ивановна «Ақниет» жеке кәсіпкерлігі деп аталатын шағын кәсіпорынға табан тіреді. Өндіріс иесі Динара Ысқақова сол жерде кәсіпорынның жұмыстарын көрсетіп, тыныс-тіршіліктерімен таныстырды. Өнімдері инновациялық жобаға негізделіпті. Кәсіпкердің газдыбетон өндіру жобасы «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2015 жылы мамыр айында өткен конкурстық комиссияның қолдауына ие болған. Динара сол жылы екі миллион теңге көлемінде мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, ойға алған жоба-жоспарларын іске асыруға білек сыбана кіріскен. 
Қосымша өз қаражаты есебінен өнім өндіруге қажет жабдықтар сатып алып, одан әрі кәсібін өрістеткен. Нәтижесі жаман емес. Мемлекеттің жан-жақты қолдауы мен білім-біліктілігінің арқасында ізденісті еңбегінің жемісін көруде. Газдыбетон қазір құрылыс жұмыстарына керек бұйымдардың бірі саналады. Оған шағын кәсіпорында тәулігіне сегіз жүз кірпіш өндірілетіні дәлел. Бүгінгі таңда жергілікті тұрғындар тарапынан дайын өнімге тапсырыс берушілер көбейіпті. Сондай-ақ, бұл өнім жылу оқшаулағыштығымен де ерекшеленеді. Өнімдері халықаралық стандарттарға сай. Сапа жағынан да ұтып тұр. Кәсіпкер алты адамды жұмыспен қамтып отыр.
***
Жиынның келесі бөлігі облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың қатысуымен Талдықорған қаласындағы «Көктем Гранд» қонақүйінде жалғасын тапты. Бұл басқосуға Астанадан арнайы келген қонақтармен қоса мәслихат депутаттары мен шағын және орта бизнесте еңбек етіп жүрген әйел азаматтар қатысты. 
Жиынды Жақсылық Мұқашұлы ашып, өңірде гендрлік саясат тұрғысында атқарылып жатқан бірқатар ауқымды іске тоқталды. Сонымен қатар, қонақтардың да өтініш-тілектері мен нақты тапсырмаларын тыңдады. 
Бұдан кейін облыстық әкімдікте селекторлық кеңес өтті. Аудан әкімдіктерімен тікелей байланыста өткен жиында облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдаулетов баяндама жасады. Мұнда әйелдер арасында жат ағымның жетегіне еріп кеткендер және мектеп жасындағы оқушы қыздардың хиджап киуі туралы әңгіме қозғалды. Рахмет Разбекұлы бірқатар нақты деректерді келтіре отырып, аудандарда өткен жылмен салыстырғанда мектепке хиджап киіп келетіндердің саны артқанын жеткізді. Мектеп формасын кию, заңдылығын сақтау үрдісі бойынша жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын да айтып өтті. Сондай-ақ, арнайы топ құрылып, бұлармен теолог мамандар, психолог, дін өкілдері және білім саласының қызметкерлері кездесулер өткізіп, әңгіме өткізіп жатқанын да тілге тиек етті.   
 Баяндамадан кейін Жақсылық Мұқашұлы аудан әкімдіктеріне тапсырма беріп, жұмысты жандандыруды тапсырды. Келесі кезекте Талдықорған қаласы мен Қапшағай қаласы әкімдерінің орынбасарлары баяндама жасап, жұмыспен қамту, нәзік жанды азаматтардың қызметтегі рөлі жайлы әңгіме қозғады. Артынша баяндамашыға Астанадан келген өкілдер сауалдар қойып, түйткілді мәселелердің шешу жолдарын талқылады. 
Жиын соңында Жақсылық Омар қонақтарға рахметін айтып, аудан әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берді. Бұдан кейін Салтанат сарайы мен көрме павильонның жұмысымен танысып, соңында семинарға қатысқандарға арнайы сертификаттар табыс етті.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА,
Ришад ТҰРҒАНБАЕВ.