Қыр-сыры көп мамандық

Уақыты: 14.05.2023
Оқылды: 913
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Енді бір-екі айдан кейін, нақтырақ айтатын болсақ, биылғы шілденің 14 жұлдызы күні нотариустер өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Дәл осы күні, осыдан 26 жыл бұрын Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» Заңы қабылданған болатын. Нәтижесінде заң тәжірибесінде алғаш рет «жеке нотариат», «нотариалдық палата» деген ұғымдар пайда болды. Соған орай жай-жапсары көпшілік оқырманға беймәлімдеу мамандық иелерінің жұмысы жайында сөз қозғағанды жөн көрдік. 

«Сол келісімді кезінде заңды түрде куәландырып қоймағаным-ай...», «Сөзіне сеніп қалдым ғой, қолхат жаздырып, заңдастырып алғанымда бұлай болмас еді...», «Нотариуске бару керегін ешкім ескертпеген екен, енді бәрі кеш...» дегендей өкініштерді бүгінде екінің бірінің болмаса да бірқатар замандастарымыздың аузынан естуге болады. Мұның өзі біздің нотариат, нотариустың жұмысы жайындағы білетіндеріміздің, жұмсарта айтқанда, тым көп емесін көрсететеді. 
Барлық жайттан хабардар ғаламтор желісіне көз салсақ «Нотариат – даусыз азаматтық құқықтар мен заңдық нысандарды куәландыру жолымен жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін заң жүзінде бекітуге бағытталған нотариалдық іс-әрекеттерді орындайтын, заңдық тұрғыда бекітілген органдар жүйесі» деген анықтаманы көреміз. 
– Осындай мазмұндағы әңгімені оқи тұра мүдделерімізді заң жүзінде бекітуге асықпайтынымыз қынжылтады. Мұндай бейғамдықтың, немқұрайдылықтың соңы көп ретте орны толмас өкініштерге апаруы мүмкін екендігін ескере бермейміз, – дейді бұл мәселе жайында кәсіби заңгер, әділет органдары саласында 16 жылдан астам уақыт қызмет атқарып, қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында білімін шыңдап жатқан Тілек Арынханұлы. – Сондықтан өмірлік маңызды деген жайттардың барлығын, нақтырақ айтатын болсақ жеке және заңды тұлғалардың арасында жасалған мәмілелер мен мұрагерлік жөніндегі мәселелерді, құжаттардың көшірмесі мен олардан алынған үзінділердің дұрыстығын куәландырып қойған ешқашан артықтық етпейді. Олай дейтініміз, құқықтану оқулығында айтылғандай «Нотариат куәландырған шарт – мүдделі жақтың өз құқығын дәлелдеуін жеңілдетеді, өйткені шарттың нотариус ресми түрде белгілеп берген мазмұны, мәмілеге қатысушылардың қойған қолдарының ақиқаттығы, мәміле жасаған жері (орны), уақыты, өзге де жағдайлар нақты және бұлтартқысыз түпқұжат болып табылады».
Заңгермен арадағы әңгімеден білгеніміздей, бүгінде нотариуске жүгінетіндердің көпшілігі құжаттың көшірмелерін куәландыруға келеді екен. Ал мәселеге байыптап қарайтын болсақ, нотариустардың қызмет аясы бұдан әлдеқайда кең. Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 шілдеде қабылданған «Нотариат туралы» Заңына сәйкес нотариустар келісімшарттар мен жеке тұлғалардың арыздарын, түрлі құжаттарға қойылған қолдардың түпнұсқалығын, сенімхаттарды куәландырады. Сонымен бірге өсиеттерді, мұрагерлік істерді ашады, мұрағаттық істер бойынша мұрағаттық құжаттарды береді. Аталған Заңға сәйкес түрлі мәмілелер мен шаруашылық серіктестіктерінің құрылтай құжаттарын куәландырып, мұраға сенімгерлік басқарушыны тағайындайды, мұраға құқық туралы куәліктерді береді.
Азаматтардың бәрі білуі тиіс бұл тізбені жалғастыратын болсақ, ерлі-зайыптылардың және ортақ бірлескен меншік құқығындағы мүлкі бар өзге адамдардың ортақ мүліктегі үлеске меншік құқығы туралы куәліктер беріп, мүлікті иеліктен алуға тыйым салады және салынған тыйымды алып тастайды, құжаттардың бір тілден екінші тілге дұрыс аударылғанын куәландырады. 
Бұл тізбенің кейбір пункттері алғаш оқығанда күлкі шақыруы да мүмкін. Алайда өмір болған соң ондай қажеттіліктердің де туындап жататындығын айтпай болмайды. Мәселен, нотариустар қажет болған жағдайда азаматтардың тірі екендігі фактісін, олардың белгілі бір жерде болу фактісін де растап, ақшаны депозитке қабылдайды, атқарушылық жазба жасап, дауды реттеу туралы келісімдерді куәландырады. Бұл нотариустер атқаратын шаруалардың толық емес тізбесі.
Жеке сот орындаушыларға борышкерге қатысты әкімшілік хаттама толтыру құқығын беру борышкерге белгілі бір сот шешімін орындамаудан қосымша әкімшілік жауапкершілік көзделгендігін білдіреді. Және де ол өз кезегінде борышкер тарапынан қандай да бір жауапкершіліктің туындауына алып келеді.
Осы жерде кейбір аудандар мен ауылдарда нотариустер болмаса әділет департаментінің ауылдық округ әкімдігі аппаратының мамандарына нотариустық қызметпен айналысуға рұқсат беруі мүмкін екендігін де айта кетейік. Бірақ бұл жерде қызмет аясы шектеулі, яғни олар сенімхат пен көшірмелерді, азаматтардың құжаттарға қойылған қолдарының түпнұсқалығын куәландыру, өсиеттерді рәсімдеу сияқты қызметтерді ғана атқара алады. Жекелеген нотариаттық әрекеттер жасау құқығы дәрігерлік бөлімнің бас дәрігері мен оның орынбасарына, аурухананың кезекші дәрігеріне, сонымен бірге қарттар мен мүгедектер үйінің директорлары мен бас дәрігерлеріне, әскери бөлімдердің, мекемелері мен әскери-оқу орындарының командирлеріне де берілген. 
Осы жерде «Кімдер нотариус бола алады?» деген мәселені де қозғай кеткен жөн шығар. Заң бойынша үміткер 25 жасқа толған, заң саласы бойынша жоғары білімі, осы саладағы 2 жыл жұмыс өтілі  бар ҚР азаматы болуы тиіс. Нотариус болуға үміткер нотариустан тағылымдамадан, содан кейінгі жерде аттестаттаудан өтеді. 
Бұрын сотты болған, жойылмаған соттылығы бар азаматтар, белгiленген тәртіппен іс-әрекет жасауға қабiлетсіз не iс-әрекет жасауға қабілеттілігі шектеулi деп танылған адам нотариус бола алмайды. 
Әрине, азаматтардың нотариус бола алмайтын себептері мұнымен шектеліп қалмайды. Әйтсе де оның бәрін толықтай тізбелеп шығуды жөн көрмедік. Мәселені бір сөзбен түйіндейтін болсақ, нотариус қызметін заң талаптарын ғана басшылыққа алатын өз ісінің білгір маманы, жауапкершілікті қатаң сезінетін білікті заңгер ғана атқара алады.
Нотариаттық қызметтің кәсіпкерлік қызмет болып табылмайтындығын да атай кетейік.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ
Сурет ашық дереккөзден