Абайлаңыз! Кибералаяқтық қылмыс толастамай тұр

Уақыты: 23.05.2023
Оқылды: 796
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу жеріндегі кибералаяқтықтың алдын алу үшін құқық қорғау органдары мен банктердің жұмыла қадам жасауына арналған жиын өтті. Облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Мақсат Ережепов жүргізген жиында криминалды полиция басқармасының басшысы Қайрат Жұрынов пен тергеу басқармасының басшысы Руслан Чарапиев баяндама жасап, өңірде орын алған келеңсіз оқиғалардың көрсеткішін таныстырды.

Баяндамашылардың айтуынша, кибералаяқтық қылмысы толастамай тұр. Мысалы, биылғы 4 айдың ішінде интернет-алаяқтық қылмысы 83,5%-ға өссе, қылмыстың ашылу көрсеткіші 17,2%-ға жақсарған. Соған қарамастан ақпараттық технологияларды жетік меңгерген қылмыскерлер алаяқтықтың тәсілін кеңейтіп, қарапайым халықты тақырға отырғызып кетуде. Мұндай қылмыстардың ашылмауына ұялы телефонның абоненттік нөмірлері мен интернеттегі ІР-мекенжайларды ауыстыруға арнайы компьютерлік бағдарламаны қолдану әсер етеді.

Негізінен алаяқтар телефонмен сөйлескенде немесе хат жазысқанда көбіне қаржылық ұйымдардың, құқық қорғау органдарының, риелторлық агенттіктердің қызметкері және онлайн тауар сатып алушы болып танысады. Осылайша қарапайым тұрғынды алдап құрығына түсірген алаяқ қомақты қаржыны түрлі жолдармен қолды қылады. Несие алу, қомақты табыс табу, қаржылық пирамидаға еліктіру сынды жолдармен қызықтырып, бағалы ойындардың ұтысына ағайын-туысты, жақын-жуықты, жора-жолдасты қатыстыру арқылы ұмтылдырады. Тіпті, ұялы телефонға әлдебір банк бағдарламаларын орнату арқылы жалақы, зейнетақы карточкасын үптеп кеткендер бар. Осыған орай банктерге нақты тұтынушы мен алаяқты ажыратуды мәжбүрлейтін заңнама дайындалып жатқанын айтқан мамандар банктерді құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс істеуге шақырып, интернет-алаяқтықтың алдын алуға арналған мақсат-міндеттерді анықтады.

М. Әсетұлы
Сурет ғаламтордан алынды