Тұрғын үйі бар бекет

Уақыты: 11.12.2017
Оқылды: 1297
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақтың қайталанбас қаламгерлерінің бірі Асқар Сүлейменов: «От пен түтін, адам мен қылмыс жатырлас», – деп жазған болатын. Бұл қай мағынадан алып қарасақ та ақиқаттан алшақ жатқан сөз емес. Бүгінгі таңда жаза басып жаңылғандарды түзетуден гөрі қылмыстың алдын алу шаралары басты орынға қойылып келеді. Осыған орай Сарқан ауданына қарасты Екіаша ауылында полиция бекеті салтанатты түрде ашылды.

Игілікті шара басында Гимн шырқалды. Алғашқы сөзді Сарқан ауданының әкімі Ерғазы Қошанбеков алды. Ол ұрлық, барымта, төбелес сынды қылмыстарды болдырмауға баса мән беріп, ел тыныштығы үшін қызмет етіп келе жатқан полиция қызметкерлеріне барынша жағдай жасалып жатқандығын тілге тиек етті. Сонымен қатар, биыл ашылады деп күтілген полиция бекеттерінің бірі осы өңірде алғашқы болып ел игілігіне берілгендігін ерекше атап өтті.
Одан кейін сөз алған облыстық ішкі істері департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмханов:
– Облыс әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасы бойынша 3 жылдың ішінде осындай 25 бекет ашылды. Енді жыл аяғына дейін тағы 63 бекет іске қосылады деп күтілуде, – дей келе, Екіаша ауылдық № 5 учаскелік полиция пунктінің ашылуымен ауыл тұрғындарын құттықтап өтті. Өз кезегінде Сарқан аудандық мәслихат хатшысы, ішкі істер бөлімінің ардагері Қадыр Абдрахманов пен Екіаша ауылының тұрғыны Әйкен Рамазанова сөз алып, ақжарма тілектерін ақтарды.
Салтанатты рәсімнен кейін аудан әкімі бастаған қонақтар жаңа бекетке кіріп, учаскелік полиция инспекторы Нұрлан Ғалиевтің жұмыс орнымен танысты. Екіаша, Аманбөктер ауылдық округі мен сол аймақтағы 3 бөлімшеге жауапты Нұрлан Тоқжігітұлы журналистерге сұхбат беріп, жаңа орында жаңа серпінмен жұмыс істейтіндігін, ғимараттың салтанатты ашылуына облыстық ІІД бастығы, генерал-майор Мұрат Жәлелұлының арнайы келіп қатысуын өмірінің есте қаларлық белесі болатындығын тебірене жеткізді. Соған орай ел тыныштығы үшін қызметіне асқан жауапкершілікпен қарайтындығын да атап өтті. Айта кетейік, полиция бекетінің жанында тұрғын үйі бар.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.

Сарқан ауданы.