Қоғам тыныштығы үшін

Уақыты: 11.12.2017
Оқылды: 1127
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында елімізде көптеген игі істер атқарылып келеді. Соның дәлелі ретінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында Балқаш ауданының Ақдала және Береке ауылдарында тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полиция пункттерінің ашылу салтанатын атап өтуге болады. 

Салтанатты жиынға облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Марат Күштібаев және Балқаш ауданының әкімі Ғалым Тоқпейісов арнайы қатысып, аталмыш ғимараттың лентасын қиды. Басқосуда сөз алған Ғалым Қасымұлы: 
– Бүгінде ауданымызда қылмыстың алдын алуда, қоғамдық тәртіпті сақтап, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуде жергілікті полиция қызметі халықпен етене жақын жұмыс жасауда. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кез келген қылмысты болдырмау учаскелік полиция қызметкерлеріне жүктелген міндет. Міне, осы мақсатта ауыл тұрғындары мен учаскелік полиция инспекторларының бірлесіп жұмыс істеуіне зор мүмкіндік, қолдау көрсетіліп, арнайы тұрғын үйімен біріктірілген полиция пункті ашылуда. Ендеше, қоғам тыныштығы мен ауыл халқының қауіпсіздігі үшін беріліп жатқан бүгінгі жаңа ғимарат құтты болсын! Жаңа ғимарат жақсылықтың ордасына айналсын! Қуанышты сәттерде амандықпен бас қосатын мерекелі күндеріміз лайым көп болсын, – деп жүрекжарды лебізін жеткізді. 
Бұдан соң облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Марат Күштібаев халық сенімін ақтап, тұрғындар  тыныштығын қамтамасыз ету үшін аянбай еңбек ететіндерін айтты. Ауыл тұрғындары да өздерінің алғыстарын арнап, Елбасының жүргізіп отырған салиқалы саясатының арқасында ел көлемінде атқарылып жатқан шаруаларды тілге тиек етті. 

Күмісбек ЕРБАЕВ. 
Балқаш ауданы.