ҚЫЛМЫСТЫҢ АЛДЫН АЛУ МАҢЫЗДЫ

Уақыты: 15.12.2017
Оқылды: 1180
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВТЫҢ төрағалығымен ҚР Үкіметі жанындағы Құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның селекторлық тәртіптегі отырысы өтті. Жиынға өңір басшысы Амандық БАТАЛОВ, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Мұрат ҰРҰМХАНОВ және аудан, қала әкімдері мен құқық қорғау саласының мамандары қатысты.

Отырыс барысында құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі өңірлік Ведомствоаралық комиссия (ВАК) жұмысының нәтижелері талқыланды және оның 2018 жылға арналған жұмыс жоспарының жобасы мақұлданды. Ескере кететіні, «Құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы» Заңға сәйкес жергілікті атқарушы органдар жанынан құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі Ведомствоаралық комиссиялар құрылды және жұмыс жасайды, олардың төрағалары облыс және аудан (қала) деңгейіндегі әкімдер болып табылады. ВАК жұмысшы органы – ҚР ІІМ.
ІІМ бастамасымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды (құрамында ҚР ІІМ, ҰЭМ, ДСМ және ЕХӘҚМ өкілдері бар), ол Қостанай, Қызылорда және Алматы облыстарының өңірлік ВАК жұмысының тиімділігін тексерді. Жеке өңірлік комиссиялардың қызметін «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын іске асыру сапасын тексеру бойынша ҚР Президенті Әкімшілігі жанынан құрылған жұмыс тобы тексерді. Әр өңірде комиссия құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, ал 2016 жылдан бастап жергілікті полиция қызметінің басшылары да енді.
Комиссия жұмысының 2018 жылға арналған жұмыс жоспар жобасы мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың құқықбұзушылықтардың алдын алудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыруы мәселелерінен, сондай-ақ, маскүнемдік, нашақорлықтың алдын алу бойынша жұмыстан және құқықбұзушылықтардың алдын алу субъектілерімен жұмысты одан әрі жетілдіруден тұрады.
Отырыста әр облыс әкімдері баяндама оқып, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Өз сөзінде Амандық Ғаббасұлы өңірдегі құқықбұзушылық пен заңбұзушылықтың алдын алу мақсатында аудан, қалаларда бейне бақылау құралдары орнатылып жатқандығын айтты. Сондай-ақ, қазіргі уақытта баспанасымен бірге қамтылған полиция учаскелерінің көптеп ашылуын тілге тиек етіп, мектеп инспекторларының қызметіне үлкен мән берді. Әсіресе, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуды тыныштық сақшыларына қатаң тапсырды.

Мәулен Әнербай.