Жаңа көлік табысталды

Уақыты: 15.12.2017
Оқылды: 1172
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ Тәуелсіздік мерекесіне орай денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне 51 жаңа медициналық «Жедел жәрдем» автокөлігінің кілтін табыстады.

Салтанатты шарада сөз алған өңір басшысы: 
– Осы жыл қорытындысы облысымыз үшін табысты болып отыр. Көрсеткіштер де өте жақсы. Жаңадан мектептер ашылып, жолдар мен су құбырлары жөнделіп, ауылшаруашылығы дамып келеді. Сіздердің арқаларыңызда облысымызда демография да қарыштап дамуда. Жыл сайын 50-55 мың нәресте дүние есігін ашады. Тіпті, Қаскелеңдегі ауруханада сәбилердің көптеп дүниеге келуінен дәрігерлердің жұмысы қарбалас болып тұр. Бұл үлкен қуаныш! Осыған орай келесі жылы Ұзынағаштан жаңа емхана салынады. Биыл мектеп табалдырығын 49 мыңға жуық оқушы аттаған. Соның барлығы сіздердің еңбектеріңіз. Осыған орай жаңа техникамен қамтамасыз етіп жатырмыз. Келесі жылдан бастап облысымызда заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған ауруханалар мен емханалар салынады. Осындай қуаныштар көп болып, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын, – деп ізгі тілегін білдіріп әр өңірлер мен қалаларға медициналық «Жедел жәрдем» автокөліктерінің кілтін табыстады. 
Осыдан кейін Талдықорғандағы №2 аурухананың кардиолог дәрігері Қымбат Қуанышқызы сөз алып: «Бүгін ақхалатты абзал жандар үшін қуанышты күн. Құрметті Амандық Ғаббасұлы, халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында «Жедел жәрдем» көліктерін тапсырғаныңыз үшін  медицина қызметкерлері атынан алғысымды білдіремін!» – деп ізгі тілегін білдірді.
Жиын соңында шараға жиналған қауым «Адам жанының арашасы» деп құрметтейтін ақжелеңді абзал жандардың еңбектері елене берсін деп ақ тілектерін ақтарды.

Айдар ҚАЛИЕВ.