Жаһан назарындағы ел

Уақыты: 29.12.2017
Оқылды: 1239
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ
Барша адамзат жер атты көгілдір ғаламшардың амандығына мүдделі. Өйткені, басқа бірде-бір ғаламшар адам баласын бауырына баса алмайды. «Туған жер» ұғымының кеңдігі де осыған саяды. Алайда өзекті пенде атаулы өзі өмір сүретін ортаның шаңын шығарып, қоқысын қопсытып тастауға құмар. Тұмса табиғаттың ту-талақайын шығарып, тап-таза суы мен ауасын ластаудан адамзаттың өзге жаратылыстарға орын бермейтіні тағы бар. Ең сорақысы – өзгені өлтіруге құмарлық әлі күнге толастамай тұрған қасірет. Соның жетегімен әлемде өзгелерді кемсітуге, басынуға бағыт алған басқыншылық идеясы бейбіт халықтың бүтіндігін бытыратып, балапандарды босқыншылықтың ұйығына түсіруде. Оның дәлелін өз елінде өлім тауып, өзге жерде жәутеңдеген сириялықтардан көреміз.
Қазақ халқының жанашырлығы биыл Астанада өткен Сирия процесінен айқын көрініс тапты. Себебі, күллі әлем көз салған Шам алқабындағы алапат ешкімді бейжай қалдырмауы тиіс қателік болатын. Сол қателікке ұрынған, жалған сенімнің жетегіне ергендер қара ту көтеріп, Ислам халифатын құру үшін өзгелерге өлім құштырмаққа құмарланды. Алайда «өзгеге өлім тілегенше, өзіңе өмір тіле» дейтін қазақы тәмсілдің растығына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Ресей, Түркия, Иран сияқты алпауыт мемлекеттердің күш біріктіруімен ДАИШ-тың ту-талақайы шығып, өркөкіректене өзеуреген лаңкестердің басынан бұлт ауды. Ақырында жақындағы шекара арқылы із суытып, жазадан қашып құтылуға тырысқандар көршілес мемлекеттерге жылыстады. Қазір қашып-пысқандардың артында қалған әйел, бала-шағасы босқындарға арналған лагерьлерде жан бағуда. Осыған байланысты еліміздің Сыртқы істер министрлігінің консулдық бөлімінің басшысы Ардақ Мадиев «Каравансарай» порталына берген сұхбатында: «Сириядағы лаңкестердің қатарында соғысқан қазақстандықтардың көпшілігі қаза тапты. Бірақ олардың артында қалған балалары босқындар лагерін мекен етуде. Қазір барлық құзырлы органдармен бірге сол балаларды іздестіру және туған жеріне қайтару үшін арнайы жоспар жобалануда», – деп бүлдіршіндерге жанашырлық танытты. «Өз қолыңды өзің кесе алмайсың» деген осы. Шынында сәбилердің лаңкестікке еш қатысы жоқ. Алайда ес біліп, оң мен солын танып қалған балаларды толық тексеруден өткізген жөн. 21-22 қарашада Астанада өткен Сириядағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздердің соңғы отырысында қазақстандық сәбилерді Отанына қайтару мәселесі көтерілген-ді. Еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі деректерге қарағанда, дәл қазір Сирия мен Иракта босқындықтың қамытын киген қазақстандық 390 бала жүр. Олардың бәрі де 16 жасқа толмағандар. 
Желтоқсан айының бас кезінде «Тенгри Ньюс» интернет порталына сұхбат берген ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков 63 баланың елге келгендігін, тағы 50 баланы әкелу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтқан болатын. Және сол балалардың елге бәрі де елімізге келген сәттен бастап, Сыртқы істер министрлігі және Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен оңалту шараларынан өтеді. 
Әрине, соғыстың ортасында дүниеге келіп, атыс-шабыстан көз ашпаған сәбилерге қолдау көрсету керек-ақ. Әйтпесе, қоғамнан, ағайын-туыс пен дос-жараннан, көше мен мектептен түртпек көрген бала көңілге қара дақ түсуі бек мүмкін. Қоршаған ортаға сіңісе алмаған жеткіншектің лаңкес әкесін тұлға тұтуы оңай. Сол үшін де дұрыс тәрбие, ықыласты құшақ, ақжарқын пейіл адасқан ұрпақтың ұят-ожданын, Отанға деген сүйіспеншілігін оятуы тиіс. Шындығында «Өз ұлың өзектен тепсең де кетпейді» дегенді айтқан бабалар тәрбиесімен елге келген балаларды ата-әжесі, аға-әпкесі, туған-туысы қамқорлығына алғаны жөн.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 13 қарашада өткен халықаралық «Астана клуб» форумында Орта Азия елдерінің басшыларына аймақтағы тыныштықты, бейбітшілікті бірлесе сақтауға ұсыныс жасады. Сол арқылы егінін салып, малын қоралап, бейбіт жатқан елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты. Өйткені, бүгінгідей дүрбелеңге толы әлемде Жер үшін аса қауіпті қадамдардың жасалып жатқаны жасырын емес. Шынашақтай ғана Солтүстік Кореяның алпауыт АҚШ-қа қоқан-лоққы жасауы, Ресей Федерациясына салынған санкциялық шектеулер, Үндістан мен Қытай арасындағы шекаралық текетірес, Палестина астанасын өзіне меншіктеген Израиль, аштық пен құрғақшылықтан көз ашпаған Африка елдері, Рохинья мұсылмандарын ашық қырғыншылыққа ұшыратқан Мьянма мемлекеті, бәрі-бәрі өзекті жанды алаңдатады. Оның артында атом бомбасының жарылысына апаратын қатерлі құбылыс – үшінші дүниежүзілік соғыс өртінің тұтану қаупі тұр. Бетін аулақ қылсын деп тілейік, ғаламдық соғыстың зардабы мен шығынының, қасіреті мен қайғысының орасан болары анық. Осыны жақсы ұғынған Қазақстан Президенті көршілес мемлекеттерді ауызбірлікте болуға үндеді. 
Расында жақын көршімен арадағы татулық алыстағыны жақындатады, шалғайдағыны қайтарады. Бүгінгідей аймақтағы әріптестік тап болып отырған ортақ мәселелердің қатарында лаңкестік пен экстремизм, есірткі тасымалы, ұйымдасқан қылмыс, босқындық және адам саудасы сынды өзекті тақырыптар бар. 
Оның сыртында табиғи апаттар, экологиялық мәселелер, су ресурстарын бірлесе пайдалану секілді аса маңызды салалар жатыр. Солардың бәрі де дұрыс шешім қабылдауды талап етеді. Бұл орайда кеткен қателік, болған кемшілік үлкен өкінуге апарары сөзсіз. Көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Ресей елдерімен арадағы шекара толық бекітілген деп айта алмаймыз. Рас, шекара қызметі қырағы күзетін тоқтатпайды. Дегенмен, көзден таса, қалтарыс-бұлтарыстағы өткелден Сириядан қайтқан босқындардың бой жасырып өтпесіне кім кепіл?! Сондықтан қоғамның қырағылығын арттырған дұрыс. Бұл құзырлы органдардың ғана емес, жалпыхалықтық мәселе. Ендеше, оны дұрыс түсіндіріп, дұрыс бағыттай білген ләзім.
Шыны керек, «Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі» деген жалғыз ауыз сөзбен кіндік қаны тамған топырақтан артық жерді таппағанын айтқан аталарымыз елдің іштен ірігенін, іштен бұзылғанын қаламаған. Тентегі мен телісін өзі түзеген. Теріс тартқанын аяусыз жазалаған. Айтқанын орындатып, түзу жолға салудың арқасында талай ұлтты бауырына басып, өз ішіне кіргізіп алған. Дәл сол секілді адасқан жанның үйірін табуына мұрындық болу кісіліктің үлкені деп білемін.
Мәди АЛЖАНБАЙ.