Қоғаммен байланыс күшейді

Уақыты: 03.01.2018
Оқылды: 1209
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесі биылғы соңғы отырысын өткізді. Жиынды ашып, жүргізіп отырған Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Серікбай Нұрғисаев қаралуы тиіс мәселелерді таныстырып, мемлекеттік қызмет саласындағы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асырудағы азаматтық қоғамның рөлі мен атқарылған жұмыстардың жайын баяндады.

Одан соң мінберге облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Зайда Ілімжанова шығып, Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтардың алдын алу бойынша баяндама жасады. Одан соң облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің Әдеп жөніндегі уәкілі Нағипа Абдуллина өз саласындағы жұмыс нәтижелерімен таныстырса, облыстың жергілікті атқарушы органдарына Президент Әкімшілігі жүргізген тексерудің қорытындысын облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Маржан Мұрат баяндады.
Әдеп кеңесінің биылғы соңғы отырысын қорытындылаған Серікбай Өрікбайұлы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысындағы департаменті өз қызметін жүзеге асыру барысында үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер, ел арасында беделі бар, азаматтық көзқарастарын айқын көрсете білетін белсенді азаматтармен бірлесе көптеген жұмыстар атқарылғанын әңгімеледі. Оның айтуынша, көптеген игілікті істер атқарылған. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартудың нәтижесінде облыста 410 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Сонымен қатар, қызметтік автокөлікті басқа мақсатқа пайдалану деректерін анықтау және оның алдын алу мақсатында облыстық департамент мамандары облыстық жергілікті полиция қызметімен және қоғам белсенділерімен бірлесіп, рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Биыл ұйымдастырылған осындай 14 рейдтік шара кезінде 11 дерек анықталып, қажетті шара ретінде 5 ескерту, 1 сөгіс беріліп, 1 тұлға жұмыстан босатылған.
Жетісу жеріндегі сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру және азаматтарды жедел қабылдау мақсатында «Парасыз болашаққа. Бірге!» деген ұранды көтерген 22 мобильді топ жұмыс атқарды. Мобильді топ мүшелері облыстағы 385 еңбек ұжымына барып, жалпы саны 70 мыңнан астам тұрғынға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Облыста 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жүргізетін арнайы мониторингтеу тобы құрылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті мектеп ортасында қалыптастыру бағдарламасын іске асыру мақсатында облыстағы 743 мектепте «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары құрылып, «Парасатты азамат» бұрыштары ашылды. Оның құрамына 173 869 оқушы кірді.
Әдеп кеңесі отырысын осылай қорытындылаған Серікбай Нұрғисаев кеңеске арнайы шақырылған азаматтық қоғам өкілдеріне, оның ішінде департамент жанындағы жұмыс топтарының мүшелеріне, БАҚ өкілдері мен блогерлерге әріптестік қарым-қатынас құруға атсалысқандары үшін алғыс білдіріп, алдағы жылы жұмысты жаңа қарқынмен бастаймыз деген сенім білдірді. Жыл қорытындысына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыруда азаматтық көзқарас танытқан азаматтарға агенттік төрағасы мен департамент басшысының Алғыс хаттары табыс етілді.

М. Әсетұлы.