Әділ сот - ел кемелдігінің көрінісі

Уақыты: 05.01.2018
Оқылды: 1747
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Сот жүйесінде жүргізіліп отырған реформа судьялар қызметінің ашықтығын, жариялылығын, қолжетімділігін талап етеді. Талдықорған қалалық сотының төрағасы Ермек Егеубековпен болған сұхбатта осы жайттарға қатысты көптеген мәселе қамтылды.

– Талдықорған қалалық сотының төрағасы болып тағайындалғаныңызға көп бола қойған жоқ. Лауазымды қызметтің жауапкершілігі де соншалықты жоғары болар деп ойлаймын. Ермек Ерубекұлы, халқымызда  «Әкесі жақсы қандай-ды» деген қанатты сөз бар. Бұл баланың білікті маман болып қалыптасуына  әкенің берген тәрбиесі ықпал ететінін білдірсе керек. Сіз үшін әкенің орны қандай? Айтқан ақылы мен берген кеңесін қаншалықты орындап жүрсіз?
– Халқымызда «Әке көрген оқ жонар» деген нақыл бар емес пе?! Есімді білгелі әкемді пір тұтып, өнеге алып келемін. Әкем Ерубек Егеубекұлы саналы ғұмырын қазылық қызметке сарп еткен жан ретінде Алматы облысының бірнеше ауданында судьялық қызмет атқарған еді. Сондықтан қаршадайымнан әкемнің қызметіне қызығып, жұмысының қыр-сырына қанықтым. Дастарқан басына әкем үнемі ақыл-кеңес айтып, әдептілікке, инабаттылыққа үйрететін. Оның өмірлік қағидасы – адалдықтың ала жібін аттамау еді. Біздің де санамызға осы ойды құйып отыратын. Содан кейін де шығар, Қарасай ауданындағы Абай атындағы орта мектепті 1999 жылы тамамдап, мамандық таңдау кезі келгенде көп ойланбастан әкенің ізін басуды ұйғардым. Сөйтіп, әл-Фараби атындағы Қа-  зақ ұлттық университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, бакалаврдан бөлек магистратурасын бітіріп шықтым. Еңбек жолымды 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында жетекші маман ретінде бастап, Алматы қаласының Әуезов және Жетісу аудандарында прокурордың көмекшісі, прокурордың аға көмекшісі болып төрт жылдан астам қызмет атқардым. 2009 жылы Медеу аудандық сотына судья болып тағайындалдым. 2013 жылдың қыркүйегінен бастап облыстың Ұйғыр аудандық сотына төрағалық қызметке жіберілдім. Былтырғы маусым айынан бастап Талдықорған қалалық сотына төраға болып, қызмет атқарып келемін. Басшылық қызмет, әрине, зор жауапкершілік жүктейді. Өйткені, өзің үшін ғана емес, өзгелер үшін де жауапты боласың.
– Талдықорған күллі Жетісу жұртшылығының назарын аударған шаһарға айналып отыр. Ауқымы мен халқының саны өскен сайын сотқа жүгіну мен шағымданудың да артатыны белгілі. Соған байланысты Сіз басшылық ететін қалалық соттың жұмысына тоқталсақ. Сот отырыстарында қаралатын қылмыстық және әкімшілік істердің салмағы қандай?
– Қалалық сотқа төраға болып тағайындалғаныма жарты жыл ғана болды. Осы мерзім ішінде қалалық соттың өзіндік қалыптасқан игі дәстүрлері бар екенін аңғардым. Мұнда бір қолдың саласындай, бір атаның баласындай ұйысқан ұжым еңбек етеді. Сондықтан жақсы істерді жалғастыра түсуге, жұмысымызды тың талаптар тұрғысынан ұйымдастыруға күш салудамын. Бүгінгі күні судьяларымыз Конституцияны, заңдарды, басқа да нормативтік кесімдерді негізге ала отырып, сотқа түскен арыз-шағымдарды уақытында қарауды қамтамасыз етіп, тараптар арасындағы дауды әділ шешуді мақсат тұтады. Ұжымда еңбек ететін 12 судьяның арасында біліктілігі жоғары судьялармен қатар жастар да еңбек етуде. Біздің сотта небір атышулы қылмыстық істердің де қаралып, судьялардың заңға сәйкес шешім шығарып отырғаны жұмысымыздың оң нәтижесін көрсетсе керек. 
Сот беделі жекелеген судьялардың беделінен құралатыны анық. Судьялардың әрбір басқан қадамы, іс-әрекеті, тыныс-тіршілігі көпшіліктің назарында. Сондықтан әрбір судья өз тұрмыс-тіршілігін сот саласымен ұштастыра қарап, соттың беделі – мемлекеттің беделі екенін бір сәтке де естен шығармауға тырысады. 
Сот беделінің артуы негізінен істі сапалы қарауымен байланысты. Қалалық сотта жыл басынан бері 800-ден астам қылмыстық іс, 1200-ден астам азаматтық іс қаралды. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда едәуір көп.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сот жүйесінің ашық, жариялы, қолжетімді болуы керектігін ұдайы айтып келеді. Бұл соттарға артылар жауапкершіліктің жоғары  екендігін байқатады. Осыған орай «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылған міндеттер  жайына тоқталып өтсеңіз?
– Елбасының талап қоюының, ұдайы көңіл бөлуінің арқасында отандық сот жүйесі халықаралық стандарттарға сай дамып келеді. Осылайша, неғұрлым кәсіби, ашық, қолжетімді және тәуелсіз сот жүйесінің нығайып, еліміздің кез келген азаматының заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа нық сеніммен жүгінуіне мол мүмкіндік туғызылғанын көруге болады. 
Бүгінде сот саласындағы оң өзгерістердің бәрі де 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарынан туындайтын міндеттер шеңберінде іске асырылып жатқаны белгілі. Елбасының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласының «Құқық тәртібі және заңдылық» бөлімінде екінші реформаның мәні тәуелсіз сот төрелігі мен Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесінің жұмысын жетілдіруге бағытталуы тиіс екендігіне ерекше назар аударылады. Мәселен, Азаматтық процессуалдық кодексте үш сатылы сот жүйесін енгізу нақтыланған еді. Мұның артықшылығы – сот шешімдерінің жеделдігін, сапалылығын арттырып, қарапайым халықты әуре-сарсаңға салмайтындығында және сот ісінің созбалаңға түсуіне жол бермейтіндігінде жатыр. Бұрын бес сатылы сот жүйесі қызмет істеген кезде төменгі сатыдағы сот шешімдерін жоғарыдан бұзу арқылы істің созылуы орын алатын және апелляциялық немесе кассациялық алқаның судьялары бір-біріне ауысып жататын. Мұның бәрі жұмыс сапасына, жеделдігіне кері әсерін тигізіп келген болатын. Ендігі  уақытта облыстық сотта тек апелляциялық алқа ғана қалып, істі қарау мерзімі мен тәртібі біраз қысқартылды. Кассациялық қарау құзыреті Жоғарғы Сотқа берілді. Осыған орай, Жоғарғы Соттың құрамы кеңейтіліп, оған аймақтарда үлкен тәжірибе  жинақтаған білікті судьялар тартылды.
Сот саласында соңғы жылдарда жүзеге асырылған игі өзгерістердің қатарында жаңа технологияларды пайдалануды атап өткен жөн. Бүгінгі күні барлық сот залдары бейне-дыбыс жазатын құрылғылармен қамтамасыз етілген. Барлық сот отырысы бейне-дыбыс таспаға жазылады. Бұл, біріншіден, судьялардың сот мәжілістерін өткізу тәртібі мен заңды бұрмалауына жол бермейді. Екіншіден, дауласушы тараптар да сот мәжілісін өткізу тәртібін бұрмалай алмайды. Бұрын сот хатшысы мәжіліс барысында тараптар мен куәлардың сөзін жазу кезінде техникалық себеппен  кейбір бұрмалаушылықтарға жол беріп қалатын болса, енді мұндай олқылықтар болмайды. Сондай-ақ, тараптар сот отырысы жазылған бейне-дыбыс таспаларын өз қалауынша жүктеп алуына болады.
Тәуелсіздік – Жаратқан Тәңірдің ұрпаққа берген бақыты, азаматтарымыздың қан мен терін аямай көтерілген биік белесі, халқымыздың мәңгілік құндылығы екенін шегелеп айтқан Елбасы сот жүйесінің де еркін жұмыс істеп, әділ үкім, тура шешім шығаруына толыққанды жағдай жасала беретінін атап өтті. Тәуелсіз елмен бірге жасасып, бірге қалыптасып, бірге түлеген сот жүйесі бүгінде материалдық-техникалық жағынан толық қамтамасыз етілген, жан-жақты қолдау тапқан мықты құрылымға айналды. Ең бастысы, Елбасымыз судьялардың тәуелсіздігін бекітіп, келешегінің келбетті болатынына сендірді. Сот жүйесінің ескі қағидамен өмір сүрмей, жаңаша тыныстауына мүмкіндік  жасады. Мемлекет басшысы VI съезде сөйлеген сөзінде: «Біз «Қазақстан – 2050» стратегиясын темірқазық ете отырып, сот жүйесін жетілдіруді жалғастыра беруге міндеттіміз» деп, нақты тапсырма берген болатын.
– Астанада  өтетін республикалық судьялар  съезінде   көптеген өзекті мәселелер көтеріліп келеді.  Әсіресе, соңғы жылдары Судьялардың Әдеп кодексі туралы көп айтылды, жазылды. Осы жаңа Әдеп кодексінің берері мен маңызы қандай деп ойлайсыз?
– Сот адам құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын институт болса, судья – соттағы даулар мен жанжалдарды әділ таразылайтын басты тұлға. Билер қабылдаған шешімдердің, ережелердің бүгінгі қылмыстық, әкімшілік, азаматтық заңдарда көрініс табуы заңды құбылыс. Сондықтан, өткен тарихты ұмытпай, оны жалғастыру, билер салған сара жолмен жүру, әділдіктен аттамау – бүгінгі судьялардың борышы. Жалпы, өркениетті елдерде қалыптасқан өлшемдер негізін де таразыласақ, сот төрелігінің  әділдігі және оның жедел әрі толық орындалуы кез келген елдің кемел болмысының көрінісі саналады. Оны жүзеге асыратын судья болғандықтан әділдіктің айнымас жолында тер төккен қазы судья әдебінің нормаларын қатаң ұстануы керек.
 «Қазақстанның сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңын басшылыққа ала отырып дайындалған Әдеп кодексі судьялардың тәуелсіздігін, объективтілігін, әділдігі мен теңдігін, әдеп нормаларын сақтауын, құзыреттілігі мен ұқыптылығын қамтамасыз ету үшін дайындалды. Әділ соттың алдында тұрған жауапты міндеттерді халыққа адал қызмет ететін, Конституция мен заңдарды мүлтіксіз орындайтын, адалдық пен әділдікті қатаң сақтайтын, ел ішіндегі беделі жоғары, моральдық нормаларды мүлтіксіз ұстанатын судьялар жүзеге асыруы тиіс. Судьяның кәсіптік және моральдық келбетіне қоғамның зор талаптарын ескере отырып әзірленген Кодекс биліктің сот тармағына деген қоғам сенімінің негізі ретінде қабылданады. Кодекстегі қағидалар және ережелер барлық судьяларға, сонымен қатар, отставкадағы судьяларға да міндетті саналады. 
Бұл Кодекстің бір ерекшелігі – судьяларға Президент, халық тарапынан қойылған талаптардың барлығы ескерілген. Кодекстің жобасы Бангалор қағидаты мен ең үздік халықаралық тәжірибенің негізінде жасалған. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы күннен бастап құқықтық жүйенің кәсіби, әрі адал қызметін жолға қоюда аз іс атқарылған жоқ. Ең бастысы, соттар мен судьялар қағаз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі тәуелсіздікке қол жеткізді. Соттардың тәуелсіздігіне Конституциямыз да кепілдік береді. Ол судьяларды белгілі бір жағдайларда қатаң жауапқа тартудың күрделі де жан-жақты мүмкіндігін қарастырады. Судьяның заң алдында да, заңға сүйене отырып шешім қабылдаған уақытта да қатаң бақылауда болатындығын, заңды бұзған жағдайда жауапқа тартылатындығын ескере келе, Әдеп кодексі мен Судьялардың әдебі жөніндегі комиссия судьяның міндеттерін және тәртіптік жауапкершілігін айқындап, жауапқа тартумен шектелмей, оның бұзылған құқықтарын қорғау және қалпына келтіру мәселелерін де ойдағыдай реттейді. Осы орайда сот беделінің бүкіл биліктің абыройы екендігін ескере келе, ол адамдар әділдік іздеп баратын ең соңғы саты екендігін ескергеніміз абзал деп ойлаймын.
– Судья да адам. Тағдырдың айдауымен оқыста айыпты болған, яғни, күтпеген жерден қылмысты болған жанға үкім шығару оңай емес қой. Үкім шығарған соң қандай көңіл күйде боласыз?
– Судьяның  мақсаты  қара қылды қақ жарып, заңға сүйене отырып, әділ шешім шығару. Әділ қазылық ету – әр судьяның қасиетті парызы. Ол үшін заңды бес саусақтай біліп, жатқа  айту  жеткіліксіз. Ең  бастысы, би адал, әділ болып, іс  бойынша шешім қабылдағанда жігергілікті, батылдықты, табандылықты көрсете білуі – заман талабы екендігін ұмытпауы қажет. «Заңды білмей жаза басқандар жауапкершіліктен босатылмайды» деген қағиданы әрбір судья өз жұмысында қатаң сақтауға міндетті. Яғни, білместіктің салдарынан құқықбұзушылыққа жол берген кез келген азамат қолымен жасағанды мойнымен көтеруге міндетті. Бұл тұрғыда өз басым қылмысын жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, заңда көрсетілген талаптарды басшылыққа ала отырып, лайықты үкім шығаруға, неғұрлым жеңіл жаза тағайындауға тырысамын. Әрине, сот тергеуі барысында айыпкер орындығында отырған жанның жаза басуының себеп-салдарын, істің мән-жайын терең зерттей отырып, келешектегі  оның өзінің, отбасының  тағдырын ой елегінен өткізіп, күйзеліске түсетін кездерім де болады. Алайда, судьяның міндеті – заң талаптарын мүлтіксіз орындау.
Орайы келгенде айта кетейін, елімізде азаматтардың құқығын қалтқысыз қорғау, жаза басқандарға түзелуге мүмкіндік беру мақсатында, яғни, адамгершілік тұрғыда пәрменді шаралар қабылдануда. Айталық, Мемлекет басшысы Қазақстанда сот жүйесін одан әрі жетілдіре отырып, оның мәртебесін көтеру және оған деген елдің сенімін арттыру мемлекеттің басты мақсаты екендігін және сот билігін халықтың құқықтары мен бостандығын қорғаудың негізгі тетігіне айналдыру қажеттігі жайлы ұдайы айтып келеді. «Жаңылмайтын жақ болмайды, сүрінбейтін тұяқ болмайды» дегендей, абайсызда қылмыс жасап, аяғын шалыс басқан жанның қателігін түзеп, қоғамның лайықты азаматына айналуына мүмкіндік беру жолында Елбасының бастамасымен елімізде бірқатар жұмыс атқарылуда. Соның бірі – рақымшылық жасау. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері 9 рет рақымшылық жасалды. Мәселен, 2016 жылдың желтоқсанында Президент «Қазақстан Республикасы мемлекеттік  Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына қол қойды. Ізгілік қағидатын басшылыққа алған бұл заң да алдыңғы рақымшылық заңдары секілді, абайсызда қылмыс жасап айыпты болғандарға жаңа мүмкіндік беруді мақсат етеді. Рақымшылық – қателікті түзеуге берілген мүмкіндік. Ізгілікке негізделген заң талай азаматтың жаңа өмір бастауына жол ашады деген үміттеміз.
– Қызмет жолыңызда нақақтан  күйіп кеткен, яғни өзінің кінәсіздігін дәлелдей алмай шырылдаған айыпталушылар кездесті ме? Оларға шығарылған үкімге  өкінген кездеріңіз болды ма?
– «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деп халқымыз айтқандай, әккі алаяқтар мен айыптылар орындығына кездейсоқ тап болғандардың аражігін ажыратып, қара қылды қақ жарып, әділ шешім шығару үшін орамды ойларды сезім сүзгісінен өткізіп, таразының басын тең ұстау керек. Сондықтан асығыстыққа, ағаттыққа жол бермеу үшін алғашқы жылдардан-ақ «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» қағидасын ұстандым. «Өмір бойы үйренуден жалықпа» деген нақылды жадымда берік ұстап, ұдайы ізденіс үстінде, үйрену үстінде жүремін. Осы орайда, әкемнің ақыл-кеңесі, одан алған тәлім-тәрбием, тәжірибем міндетімді мүлтіксіз атқаруға көмегін тигізетінін айтқым келеді. Жүрек қалауымен таңдап алған мазасыз мамандығымды атқара бастағаннан бері жинақтаған тәжірибемнің арқасында кімнің жалған, кімнің ақиқат айтып тұрғанын аңғаратындай дәрежеге жеткен сияқтымын. Өйткені, адам тағдыры ойыншық емес. Егер судья қателікке бой алдырып жатса жазықсыз жанның обалына қалып, тағдыр тәлкегіне ұшыратады емес пе?! Ондай орны толмас өкінішке ұшырамас үшін істің бүге-шігесіне дейін терең зерттеп, әрбір дәлелдемені таразыдан өткізу керек. Ішкі сезім мен мол тәжірибенің арқасында Конституцияны, заңдарды, басқа нормативтік кесімдерді негізге ала отырып, әділ де лайықты шешім шығаруға мүмкіндік туатынына көзім әбден жетті. Бәлкім, содан да болар, күні бүгінге дейін жазықсыз жанға қатысты айыптау үкімін шығарып, оның тағдырын тәлкекке ұшырататын оқиға орын алған емес.
– «Отан отбасынан басталады», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді халқымыз. Әкеден жалғасқан тәлім-тәрбиені өз балаларыңызға бере алып жүрсіз бе?
– Жоғарыда айтқанымдай, асқар таудай әкемнен алған өмірлік тәжірибе мен ақыл-кеңесті ұрпақ сабақтастығы бойынша екі қызым мен ұлыма айтып отырудан жалықпаймын. Зайыбым да заңгер болғандықтан біздің үйде заңды құрметтеу, қатаң сақтау жайлы әңгімелер тұрақты түрде өрбиді. Сондықтан балаларым бұл мәселеге жастайынан қанық болып, өсіп келеді. Олардың қандай мамандық таңдайтынын өздері біледі, бірақ заңгерлікті таңдап жатса оны, әрине, қуана құптаймыз. Бұл келешектің үлесіндегі шаруа.
– Бүкпесіз ашық әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Мәди Алжанбай.