Он тәртіптік іс қаралды

Уақыты: 29.01.2018
Оқылды: 1787
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қызметтік тәртіп қатаң сақталуы тиіс. Әрбір мемлекеттік қызметкер жұмысын адал, бейтарап және сапалы атқаруға міндетті. Сондай-ақ, өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен әділдігіне де жауап береді. Олай болмаған жағдайда...

Бұл жолы мемлекеттік қызметкерлер арасында жүргізілген конкурста кемшіліктер жіберген Талдықорған қаласы әкімінің аппараты назарға ілікті. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкердің арызы бойынша Іле аудандық білім бөлімінің басшысы мен жетекші маман-бухгалтерінің істері қаралды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы Әдеп жөніндегі кеңесі кезекті отырысында 10 тәртіптік істі қарап, жеті адамға «қатаң сөгіс», екі адамға «сөгіс» беруді ұсынды. Тарқатып айтсақ, Талдықорған қаласы әкімі аппаратының басшысы Абзал Жаншабай бастаған бір топ мемлекеттік қызметкер Елбасының №153 Жарлығымен бекітілген Әдеп кодексінің     5-тармағының үшінші және он бірінші тармақшасын өрескел бұзған.
Мұндай мемлекеттік қызмет ісіндегі қателік ҚР Президенті Әкімшілігі кадр секторының өкілдері келіп, арнайы тексеріс жүргізгенде белгілі болған. Әдеп кодексі ережелерін бұзғандардың қатарында Талдықорған қаласы әкімі аппаратының бөлім басшылары С. Базарбаев, Б. Жолжанова, И. Ибрагимов, бас инспектор Г. Мәлтекбасова, бас маман А. Адырбаева да бар. Ал аталған Әдеп кодексіне сәйкес, өзі қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз ете алмаған Талдықорған қаласы әкімі аппаратының бас маманы А. Алғожановаға «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза ұсынылды. Конкурсқа құрылған комиссияда сынақ мерзімінде жүрген тәлімгерге де құзыреттіліктер беріліп қойған. Талдықорған қаласы әкімі аппаратының басшысы Абзал Жаншабай осы уақытқа дейін 54 комиссия отырысы өткенін атап өтіп, Әдеп кеңесінен конкурс талабында жіберілген кемшіліктер үшін кешірім сұрады. Ал аталған әкімдік аппаратының бас инспекторы Е. Қиялбековқа қатысты тәртіптік жаза мерзімінің өтіп кетуіне байланысты тоқтатылды.
Әдеп кеңесінің отырысында «Родничок» балабақшасының өкілі Д. Абитакынның арызы бойынша Іле аудандық білім бөлімі басшысы Л. Каткееваға және жетекші маман-бухгалтері Р. Молдахметоваға қатысты тәртіптік істер қаралды. Әдеп кеңесінің отырысына Ләззат Каткеева денсаулығына байланысты келмей қалды. Бірақ сыртынан шешім шығаруға келісімін беріп қойған. Аталған екі қызметкер де Әдеп кодексінің 5-тармағының үшінші және он бірінші тармақшаларын бұзған. Атап өтейік, Әдеп кодексінің бұл екі тармақшасында мемлекеттік қызметшілердің әділдік пен заңдылықты сақтауы, міндетін адал әрі сапалы атқаруы туралы жазылған.
Отырыста Әдеп кеңесінің мүшесі Әміре Әрін сөз алып, қазіргі таңда әрбір кадрдың орны бөлек екенін айтты. «Елімізде барлық салада кадр тапшылығы сезілетіні жасырын емес. Елбасы кадр саясатын реттеуге үлкен мән беріп отыр. Біз сапалы кадрларды сақтап қалуымыз керек. Жұмыссыз қалған маман ертеңгі күні шетелге не кәсіпке кетеді», – деген ол Әдеп кеңесінің назарына іліккен әрбір қызметкерлердің тәртіптік ісіне тереңірек үңіліп, мейлінше, жан-жақты әрі түсіністікпен қарауды ұсынды. Бұл сөзді кеңестің өзге мүшелері де қолдап, жіберілген кемшіліктердің себебі мен салдарларын талқылады. 
Кеңес отырысында Индустриялдық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Е. Баймолданов мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жайлы баяндамасын жасады. Сонымен бірге, облыс әкімі аппаратының басшысы Батыржан Байжұмановтың «Электронды үкімет» негізінде көрсетілетін мемлекеттік қызмет туралы жұмыс нәтижесі тыңдалды.
Жиын соңында Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Серікбай Нұрғисаев әрбір мемлекеттік мекемеде бірыңғай заң қызметін құру керектігі туралы ұсынысын жеткізді. Оның ойынша, бүгінде даулы жағдай туындағанда заңды терең білетін кадрлар некен-саяқ көрінеді. Ал бірыңғай заң қызметі құрылған жағдайда шағым түсірушілер мен мекеме қызметкерлері арасында түсіністік орнайды.

Қуаныш ТҰНҒАТАР