Бірлескен акция

Уақыты: 29.01.2018
Оқылды: 1664
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ
Облыстық әділет департаменті мен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы «Әділет кеңес береді» атты республикалық акциясын бірлесе өткізді. Онда өңір тұрғындары өздерін мазалап жүрген сауалдарын қойып, мамандардан кеңес алды.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында өткен жиында облыстық әділет департаментінің басшысы Мейрамбек Қаныбеков пен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлнар Тойлыбаева шараның мақсат-міндеттерін түсіндірді.
– Әділет органдары құқық қорғау органдарына жатпайды. Біз тек заң аясында көмек көрсетеміз. Аталмыш акция былтыр төрт мәрте өткізілді. Оның халыққа өте пайдалы тұстары бар. Онда 1791 адам тегін кеңес алды. Биыл да 4–5 рет ұйымдастырмақшымыз және  халықтың өтініштері бойынша аудандарға шығу жоспарда бар, – деген Мейрамбек Маханбетәліұлы қызмет көрсету барысындағы тұрғындар пікірінің өте маңызды екендігін айтты. Сонымен қатар, ұсыныс-тілектер туындап жатса жолдауларын сұрады. 
Әділет органдарының қызмет көрсету салалары бойынша білікті мамандар, адвокаттар, нотариустар және жеке сот орындаушылары жылжымайтын мүлікті, заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, азаматтардың хал актілерін тіркеу және апостильдеу, сот актілерін орындау, зияткерлік меншікті қорғау жөнінде жан-жақты кеңес берді. Шара соңында көмек алған тұрғындар мамандарға және акцияны ұйымдастырушыларға алғыс айтып, туындаған ұсыныстарын білдірді.
 
Мәулен ӘНЕРБАЙ