БІР ЖЫЛДА 87 АДАМ АҚТАЛЫП ШЫҚТЫ

Уақыты: 07.02.2018
Оқылды: 1453
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облыстық соты өткен жылы атқарылған жұмыстың нәтижесіне арналған кеңейтілген жиналыс өткізді. ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Нұржан Нүсіпжанов, облыстық, аудандық, қалалық соттардың судьялары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан алқалы жиынды облыстық сот төрағасы Мейрамбек Таймерденов ашып, жүргізіп отырды. Кеңейтілген жиналыстың өткізілу мақсатына аз-кем тоқталған модератор баяндама жасау үшін облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Советхан Сәкеновті мінберге шақырды.

Баяндама жасаушының айтуынша, былтыр облыста 4 мың 18 қылмыстық іс қаралып, еліміздің Қылмыстық Кодексі негізінде үкім шығарылған. Соған орай өткен жылы 2 мың 367 адамның 712-не бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса, 87 адам сот залынан ақталып шыққан. Осыған байланысты Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов берген тапсырмаларды орындау қажеттілігін алға тартқан баяндамашы Жетісу жерінде сот кезінде ақталғандардың үлес салмағының төмен екендігін атап өтті.
– Қазір қылмыстың небір түрі кездеседі. Соның ішінде қасақана кісі өлтіру, есірткі сату, зорлық-зомбылық, ұрлық пен қарақшылық жасау сынды қылмыстар кең етек алып келеді, – деген Советхан Сәкенұлы күрделі шарттарды түсіндіріп өтті. – Егер, алдын ала қылмыстық тергеу сапалы болып, қылмыскердің айыбы дәлелденетін болса, әрине, айыптау үкімі шығарылады. Шынын айтқанда, сотталушы орындығына отырған адамды ақтау мәселесі мүлде оңай емес. Себебі, оның ар жағында  жәбірленген басқа адамдардың тағдыры жатыр. Ең бастысы, еліміздің Заңдарында көрсетілген тәртіп пен ережені басшылыққа алып, әділетті үкім шығару керек деп есептеймін.
Бұдан соң облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Қалдарбек Досымбетов баяндама жасап, аймақтағы ахуалды таныстырып өтті. Оның айтуынша, былтыр облыста азаматтық істер бойынша барлығы 72 мың 896 іс қаралған. Оның 30 мыңнан астамына тиісті шешім шығарылған. Мұндай істерді қарауда судьялардың адалдығы мен кәсібилігіне сүйеніп, әділдікті басты назарда ұстау тиістігін айтқан баяндамашы Жетісу жұртшылығының медиация тәртібінің тиімділігін кәдімгідей ұғынғанын жеткізді. Оған былтыр қылмыстық істер бойынша 906 істің, азаматтық істер бойынша 1850 істің, әкімшілік істер бойынша 989 істің медиация тәртібімен қаралуы дәлел. Сондай-ақ, әкімшілік құқық бұзушылық бойынша облыс соттары 17 мың 797 істі қарап, қаулы шығарған.
Жиынды қорытындылаған сот төрағасы Мейрамбек Таймерденов қаралған қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істердің сапасына ерекше мән бере отырып, былтыр атқарылған жұмыстарының сапасына оң бағасын берді. Сонымен бірге, сот қауымдастығының алдына істерді қарау сапасын жақсарту жөнінде бірқатар міндет жүктеді. Сонымен қатар, биыл мониторинг жүйесі арқылы анықталған кемшіліктерді түзету керектігін ескертті.

Мәди АЛЖАНБАЙ