МҮЛІКТІ ЖАРИЯЛАУ ЖАЛҒАСУДА

Уақыты: 04.08.2016
Оқылды: 1518
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Мемлекет  басшысы  Нұрсұлтан Назарбаев өткен  жылдың 30 маусымында қол қойған «Қазақ­стан Республикасының азаматтарына, оралмандарға жә­­не Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне бай­ла­ныс­ты рақымшылық жасау туралы» Заңы 2014 жыл­дың 1 қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізілді.

 

Осы заңды жүзеге асыру мен заң талаптарын орындау мақсатында Қапшағай қаласының әкімі Сәтжан Кикимов арнайы қаулы шығарған болатын. Қалалық атқарушы органдардың жанынан заң талаптарына сай құрылған комиссия қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстарын тыңғы­лық­ты жалғастыруда. Бұл жөнінде мүлікті жария ету жө­ніндегі комиссия төрағасының орынбасары, қалалық қаржы бөлімінің басшысы Ермек Қожах­метов түсіндірді.

Негізі мүлікті жария ету акциясы бойынша үйді заңдас­ты­ру  тегін жүргізіледі. Ешқандай алым алынбайды. Бірақ заң та­лабы бойынша төмендегідей қағидаларды сақтау қажет. Бірін­ші­ден, жердің құжаттары толық болуы тиіс. Жер телімі ныса­налы мақсатына сай қолданылуы керек. Екіншіден, тұр­ғындар жылжымайтын мүлік орталығынан үйдің техника­лық төл­құжатын алуы керек. Осы ретте техникалық төлқұжатты алуға қатысты шығындарды тұрғындар өздері төлейді. Сондай-ақ, сейсмикалық қорытынды алудың шығынын да өз­де­рі өтейді. Техникалық төлқұжатты әзірлеу мерзімі жыл­жы­майтын мүлік нысанының түріне байланысты жасала­ды. Атап айтқанда, жеке тұрғын үйлерге төлқұжат беріліп, оның бағасы шаршы метріне, аумағына байланысты белгіленеді. Жыл­жы­майтын мүлік орталығының қызметкерлері өтініш берушімен келісе отырып, техникалық зерттеу жүргізу үшін нысанға барып, техникалық құжат әзірлейді. Одан соң сейсмикалық қорытынды алуға болады. Ол құжаттар­дың барлығы ретке келтірілген соң оны мүлікті жария ету комиссиясына тапсырады. Егер жылжымайтын мүліктің барлық құжаттары сай болса, онда комиссия қол қойып, үй заңдас­ты­рылады.

Қала әкімінің орынбасары Ілияс Сүгіров төрағалық ететін комиссияға бүгінгі күнге дейін 891 өтініш келіп түскен. 861 адамның талабы қанағаттандырылып, мүлік жарияланды. Жалпы сомасы 2 миллиардтан асады. 16 адамның  құжаты заңға сәйкес келмеуіне байланысты иелеріне қайтарылған. Ал, 10 өтініш комиссия қарауында тексеріліп жатыр. Мүлікті жария ету бойынша өтініштер осы жылдың желтоқсан айына дейін қабылданады. Комиссия төрағасының орынбасары Ермек Қожахметов тұрғын­дарға қапы қалмас үшін бұл мүмкіндікті пайдаланып қалу керектігін айтады.