Өрескел мінез өрге бастырмас

Уақыты: 01.03.2018
Оқылды: 1808
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы көпшіліктің назарын аудартты. Алқалы жиында үш мәселе қаралды.

Алғашқы болып «Сарқан ауданының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Мұратбек Рымбаевқа қатысты тәртіптік іс туралы Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының бас маманы Нұрлан Сүлейменов баяндап, құзырлы мекеме басшысының жіберген кемшілігін жайып салды. Оның айтуынша, «Сарқан аудандық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен «Асыл тау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында жасалған келісім бойынша салынуы тиіс 10 жалдамалы тұрғын үй құрылысы толық аяқталмаған, құны 4 миллион 413 мың 746 теңге болатын 480 метрлік қоршаудың орнатылмағанын прокуратура мамандары анықтаған. Осыған орай аудандық бөлім басшысына қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза беріліп, ол ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі және ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы», «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңдарының нормаларын оқу үшін семинарға қатысатын болды.
Одан кейін облыстық әділет департаментінің басшысы Мейрамбек Қаныбеков пен орынбасары Барлық Төрехановқа қатысты тәртіптік істер қаралды. Аталған тәртіптік істер бойынша баяндаған Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының бас маманы Марлен Бекқұловтың айтуынша, облыстық департамент басшысы Мейрамбек Қаныбеков қоластындағы қызметкерлерін боқтық сөзбен тұқыртып, түрлі қоқан-лоққы көрсетіп келген. Тіпті, айтқанына көніп, айдағанына жүрмеген қызметкерлерге берілуі тиіс сыйақыларды қысқартып, ұзақ жыл еңбек еткен мамандардың лауазымын төмендетіп отырған. Осыған орай барлық тараптарды мұқият тыңдаған Әдеп кеңесінің мүшелері мәселені екі сағатқа жуық талқылады. Алғашқы болып мінберге шақырылған департамент басшысы өзінің ақ екенін айтып, қоластындағы қызметкерлерінің жұмысты талап еткендігіне байланысты жала жауып отырғанын алға тартты. Одан кейін сөз кезегін алған орынбасарлары мен бөлім қызметкерлері басшыларының былапыт сөйлейтіндігін және дөрекілігін, қызметтік бабын пайдаланатынын атап өтті. Қызметкерлер осындай қысым мен түртпектеудің әсерінен денсаулықтарынан айырылғанын да жасырмады. Дегенмен, басшысына қолдау білдіріп, жақтаған қызметкерлер де болды. Кеңес отырысында комиссия мүшелері Мейрамбек Қаныбековтың дауысы жазылған аудиожазбаны да тыңдады. Орысша, қазақша араластыра боқтаған диалогты департамент басшысы растап, дауыс өзінікі екенін мойындады. Осыған орай сөз алған Әдеп кеңесінің мүшесі Әміре Әрін:
– Құрметті комиссия мүшелері, әділет департаментіне әділетсіз басшы келіпті. Өте өкінішті. Бұл кісі өзінің өрескел мінезімен, ұжымды екіге жаруымен, диктаторлық жұмыс стилімен, белден басып шешім қабылдауымен тек облыстық әділет департаментіне, Әділет министрлігіне ғана емес, бүкіл Алматы облысының атына кір келтіріп отыр деп санаймын, – деп мәселенің тым ауыр екендігін ұғындырды. – Ұжымды екіге жару деген сөз – әділет департаментінің жұмысы тоқырады деген сөз. Егер басшысын орнында қалдырар болсақ, ұжымның жұмысы ғана құлдырамайды, қызметкерлері тоз-тоз болып кетеді. Айтпады демеңіз, екі инфаркт алған адамға мынадай зобалаңнан кейін бірдеңе болса кім жауап береді? Өз басым 40 жылдық қызметімде дәл осындай дөрекі, осындай әдепсіз, осындай тәртіпсіз басшыны бірінші рет көріп отырмын. Сондықтан Әділет министрлігіне «ҚР Мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 61-бабы, 1 тармағы, 8 тармақшасы бойынша қызметтен кетіру туралы» ұсыныс беру керек деп есептеймін.
Әдеп кеңесінің отырысын жүргізіп отырған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің төрағасы Серікбай Нұрғисаев кеңес мүшелерін дауыс беруге шақырды. Соған орай облыстық әділет департаментінің басшысы «Қаныбековке атқаратын лауазымынан босату жөніндегі жаза қолданылсын» деген ұсыныс бірауыздан қабылданып, Әділет министрлігінің жауапты хатшысына ұсыныс жіберілетін болды.
Алқалы жиында қаралған үшінші мәселе – Талдықорған қаласының сәулет және қалақұрылысы бөлімінің мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтардың профилактикасы бойынша жұмысының қорытындысын Талдықорған қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Айбек Жортанов таныстырды.