2000 ОФИЦЕР ДАЙЫНДАЙДЫ

Уақыты: 16.06.2024
Оқылды: 432
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің әскери кафедрасы 2016  жылы  ашылды. Сол уақыттан бері 2000-ға жуық офицерді дайындап шығарған. Кафедра түлектерінің басым көпшілігі заңгер, экономика, туризм мамандығындағы студенттер.


Қоғам талабына сәйкес білім беру нұсқасы теориялық түрде өтеді. Студенттердің оқу кестесі тікелей жоғары оқу орнымен байланыстырылған. Курсанттар  аптасына бір күн әскери борышын өтейді. 2 жыл өткеннен кейін әскери жинақтау басталады.  Практикалық түрде білім беру 1 айға созылады. Әскери жинаққа курсанттардың полигонға барып келуі де кіреді. Айдың аяғында курсанттар Әскери ант қабылдап «Офицер» шенін алады. Жоғары оқу орнын бітіріп диплом алар кезде студенттерге әскери билет табысталады.

Әскери кафедрада 5 түрлі саладағы мамандық қамтылған. Олар байланыс взводының командирі, рота командирінің орынбасары, аумақтық қорғаныс взводының командирі, әскери полиция, мотоатқыштар взводының командирі.  Апта ішінде 12 взводтағы 150 курсант топография, әскери қызмет, арнайы тактикалық дайындық, әскери құқық, психология, тарих, жарғылар, саптық жаттығу, техникалық даярлық, жалпы тактика сабақтарын өтеді. Болашақ офицерлерге  8 жоғары шенді оқытушы сабақ береді. Оның ішінде Ауған соғысының ардагерлері де бар. Әскери кафедра ішінде патриоттық іс-шаралар жиі өткізіледі. Болашақ жас мамандарға білім беру сапасы әскердегідей темірдей тәртіпке,  жауапкершілік пен табандылыққа негізделген. 

Мұрат КҮМІСБЕК, 
ЖУ студенті