Ұлттық қауіпсіздік жолында

Уақыты: 26.03.2018
Оқылды: 1064
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Елімізде тыйым салынып, экстремистік деп танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына қатысты бірқатар шаралар қолға алынып жатыр.

Осыған байланысты түсініктеме берген Бас Прокуратураның ресми өкілі Оксана Лоскутова:
– Еліміздің Бас Прокуратурасы ресми түрде тіркелмеген «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының заңсыз іс-әрекетін анықтады. Тұрғындардың әрқилы топтарына үндеу тастаған Әблязов Қазақстан азаматтарын ҚДТ қатарына кіруге шақыруда. Сол арқылы билікке қарсы көңіл-күй қалыптастырып, әлеуметтік наразылық тудыруды көздеуде. Мұхтар Әблязов пен оның жақтастарының ойлағаны ел билігін құлату, – деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңы бойынша саяси экстремизм саналатын мұндай заңсыз әрекеттер мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін қылмыс болып есептеледі.
Бұған дейін Астана қаласы, Есіл аудандық сотының шешімімен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы экстремистік деп танылып, Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынғаны туралы хабарлағанбыз. Соған байланысты тыйым салынған ұйым жайлы мәлімет, ақпарат, дерек таратудың да заңмен қудаланатынын ескертеміз.
Бас Прокуратура таратқан мәліметке қарағанда, сырттай 20 жылға сотталған Мұхтар Әблязов елімізден 7,5 миллиард долларға тең қаржыны жымқырып кеткен. Ұлыбританияда Әблязов пен оның жақтастарынан 4 миллиард доллар қайтарылған.

Өз тілшіміз