Уақытты қайтара алмайсың

Уақыты: 26.03.2018
Оқылды: 1370
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жастардың көп шоғырланатын орны – кәсіптік мектеп. Орта есеппен мұндағылардың жасы  16 мен 19 аралығында. Жалындап тұрған шақ. Аңдамаса осы көбелек жас отқа да, суға да түсіруі мүмкін. Олардың тәрбиесін қадағалап, теріс жолға түсіп бара жатқандарын жөнге  салу үшін ішкі істер қызметінде ювеналды полиция тобы жұмыс істейді. Талдықорған қалалық ішкі істер басқармасының аға учаскелік инспекторы, полиция майоры Бейбіт Жанысбековты сөзге тарттық. Жастар жайлы ойын сұрадық. 

– Жастар арасында қандай мәселеге алаңдайсыз? 
Қыз балалардың қаңғыбастыққа салынуы көбейіп барады. Мен полицияда 15 жыл істеймін. Бұдан он жыл бұрын мұндай жауапсыздық болмаған. Әке-шешесіне телефон арқылы: «Мен аманмын, алаңдамаңдар», – деп жазып жібереді де, телефон нөмірін ауыстырып тастап,  қызық қуып кетеді. Көп қызды телефонын  іздестіру арқылы табамыз.  Біздің қаладан жоғалғандардың негізі  Алматыдан табылады.
Қыз-жігіттер пәтер жалдап,  қызық-думан ұйымдастырады. Ол жерде ішімдік  ішіледі. Мас адам  әртүрлі әрекетке барады. Қыз зорлау, бір-бірін соққыға жығу, тонау осындай кезде орын алады. Қыздар кейде  жолшыбай жолыққан, сырын білмейтін адамдармен де кездесуге барады. Ондайлар көбінесе  алаяқ, қылмыскер болып шығады. Жастарды теріс жолға үгіттейді, шегу, ішуге үйретеді. Бойжеткендер қаңғыбастықтың кесірінен орны толмас өкінішке ұрынып қалып жатады. 
– Әркімге, әр нәрсеге еліктеудің соңы немен тынады? Нақты бір мысал келтіре кетіңізші. 
– Ол бала тоғызыншы сыныпта оқитын. Анасының тілін алмай, үйден қаша берді. Шешесінің басқа адамға тұрмысқа шыққанына қарсылық білдірді.  Сот болып, баланы арнайы мектепке жібердік. Ана мен ұлының арасы суып кеткен. Екеуі бір-біріне мүлде қарамайды. Залдан шығып бара жатқанда да бұрылмады. Содан бала бір жыл арнайы мектепте оқығанда жақсы жаққа қарай өзгере бастады.  Бұрынғы өршіп тұрған мінезі басылды.  Оқу бітіргеннен кейін үйіне барды.  Шаңырақтарында әдемі сыйластық орнады. Өгей әкесі де дұрыс адам болып шықты. Өзіміз қуандық. Кейіннен жігіт Ресейге жоғары оқу орнына түсіп, сол жаққа кетті.  Арнайы мектепте оқығанда анасын босқа ренжіткенін түсінген сияқты. Ешкім отбасы бақытын бере алмайтынын сезінді. Міне, үйден қашудың соңы арнайы мектепке кетумен тынды. Бағына қарай, жігіт саналы болып, үйіне қайта оралды. 
– Ал тәрбиеге  бағынбағандар жайлы айтсаңыз. 
– Бір  жасөспірімді орта мектепті аяқтатуға сонша үгіттедік. «Жарайды», – деп алып таптырмай кетеді. Қазір сол азаматты базардан көремін.  Маған кезіккен сайын ақылға  көнбегеніне өкінетінін айтады.  Берекесіз өмірдің кесірі мен зиянды заттарды тұтынғандықтан  бір бүйрегінен айырылыпты. Куәлігі болмағандықтан кәсіптік мектептерге де алмаған. «Жақсы электршімін. Бірақ кәсіби білімім болмағандықтан мекемелер жұмысқа алмайды», – деп шағынады. Бармағын тістеп жүр.  Амал не, уақытты қайтара алмайсың.  
– Бір сөзіңде он жыл бұрын жастар бұлай болмаған дедің. Жасөспірімдердің тағы қай қылықтары түзетуді қажет етеді? 
– Жастардың кейбірі жалқау, жауапсыз болып барады. Отбасындағы ата-ананың ренішінен  кейін мінез көрсете бастайды. Қарап тұрсаң, бәрі болмашы нәрседен басталады. Анасы қоқысты төк дейді. Баласы оңайлықпен тіл алмайды. Компьютер, телефон, теледидар қарап отырып алады.  Міне, жүйкесі шаршаған ата-ана реніш сөздер айтады. Бала өз кінәсін мойындаудың орнына қарсылық танытады. Бұрын қыз-жігіттерге ескерту айтсақ: «Түзелемін, қайталамаймын», – деп сөз беретін. Намысқа тырысып, қателігін қайталамайтын. «Маған сөйлеуге қақың жоқ, әкеме, көкеме қоңырау шаламын. Өмір өзімдікі, не істесем де өз еркім», – деп кеудесін соққылап шығады. Өз қателіктерін, кемшіліктерін мойындағысы келмейді.  Теріс қылығының ертең жарға жығатынын ойламайды да. 
– Әңгімеңізге рахмет.

ТҮЙІН. Иә, полиция өкілі соңғы сауалға келгенде ашынып кетті.  Кейбір жастардың сабырсыздығы мен  жалған өзімшілдігі жүйкесіне тиетіні көрініп тұр. Үлкенді, құқық қорғаушыны сыйламау, ақылға көнбеу жақсылық емес. Ұлттық тәрбие кемшін соққаны ма? Сөзге тоқтаған халық едік қой. Отызында орда бұзбағанның қырығында қамал алмайтыны анық. Ендеше, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға тағы да көңіл аударуымыз керек сияқты.

Гүлжан ТҰРСЫН