ШЕГАРАШЫЛАР ДА АТСАЛЫСТЫ

Уақыты: 24.06.2024
Оқылды: 501
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

«Табиғатты аялау – тәрбиеден». Осы мәйекті сөзді ұстанған шегарашылар да әрдайым қоршаған ортаны тазартуға бейім тұрады.


Мәселен, ҚР ҰҚК шегара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті Алакөл ауданы аумағындағы шегара басқармасының «Сарқан» шегара бөліміне қарасты «Басқан» шегара бөлімшесінің жауынгерлері бөлімше маңындағы өзен арналары мен жол бойын қоқыстан тазартты.

– Қоршаған ортаны таза ұстау үшін тазалық мәдениеті әрдайым жоғары тұруы керек. Ол үшін сана сау болуы тиіс. Біз бөлімше маңайын үнемі тазартып тұрамыз. Кейде туристер, табиғат аясында демалатын тұрғындар қоршаған ортаға қоқысты бей-берекет шашып кетеді. Ал біздің шегарашылар мұндайға жол бермейді. Теректі мектебінің «Шегарашының жас досы» үйірмесіне қатысушылармен бірге тазалық жұмыстарын жүргіземіз, – дейді «Басқан» шегара бөлімшесінің аға технигі Арай Омарұлы.

Бөлімшенің 40-тан астам шегарашысы қатысқан шара барысында Басқан өзенінің жағалауынан қап-қап қатты қалдықтар шығарылды. Бұл маңға табиғат аясында тынығушылар жиі келеді. Аға сержант Дәурен Нұрманғалиев кей тұрғынның «тілсіз» табиғатқа жиі қиянат жасайтынына қынжылатынын жеткізді.
– «Тазалық – отбасынан басталады» деген сөз рас. Еліміздің әрбір азаматы балаларын өзі өмір сүретін аумақты таза ұстауға, табиғатты аялауға үйретсе, көшені, ауланы, өзен мен көл маңайын ешкім тазалап жүрмес еді. «Тазалық – иманның жартысы» деген тәмсіл бар атажұртта. Әрбір адам, әрбір отбасы табиғатты аялауды өз басынан бастаса, балаларына қоршаған ортаны қорғауды үйретсе, нұр үстіне нұр болар еді, – деді Дәурен Нұрманғалиев. 

Шегараны күзету – абыройлы борыш, ал қоршаған ортаны қорғау әркімге де міндет. «Басқан» шегара бөлімшесінің сарбаздары қос жауапкершілікті бірге арқалап жүр. 

Айгерім Шыңғысова,
ЖУ студенті