Жетісу облысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы іске асырылуда. Бұл жайлы Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жетісу облыстық департаментінің басшысы Саян Ахметжанов баяндады.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасында өңірдің әлеуметтік тұрақтылығына әсер ететін, мемлекеттік органдардың атына халық тарапынан қоғамдық резонанс пен сынмен сүйемелденетін 9 бағыт айқындалған. Бүгінде оның 8-і қамтылып, өзекті мәселелерді оңтайландыру жүйесі жолға қойылды.
Жалпы Жетісу облысында жемқорлықтың 8 бағыты қамтылды. Атап айтсақ, денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қолдау, фискалдық сала, экология, жол, бизнес, спорт салалары. Осы ретте картада көрсетілген әрбір сала бойынша департамент тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бірінші жартыжылдықта қамтылмаған салаларға баса назар аудара отырып, алдағы кезеңге арналған міндеттер мен өңірдің тәуекелдер картасы бойынша жұмыс айқындалды. Оның ішінде экология саласының құм-қиыршық тас қоспасын заңсыз өндіру және инфрақұрылым бойынша су, жылу, газбен жабдықтауға, кәріз-тазарту желілеріне қаражат жұмсау сынды тақырыптар көзделген.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жетісу облыстық департаментінің басшысы Саян Қылышұлы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және фактілерінің жолын кесу мақсатында өңірде мониторингтеу және жедел сүйемелдеу жұмыстары жалғасатынын айтты.
Мемлекет басшысының «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген ұстанымы әрдайым өзекті. Бұл ретте сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу, бюджет қаражатын жымқыруды болдырмау және өңірлердің дамуына кедергі келтіретін жемқорлық тәуекелдерін жою бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынғанын атап өткен жөн.