Жетісу облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Руфина Усанова жол-көлік оқиғасына ұшыраған кезде алкогольді ішімдік ішпеген.
Р. Усанова жол-көлік оқиғасын туындатқаннан кейін (Талдықорған қаласындағы Ракишев көшесімен шығыс бағытта жүріп келе жатып, «Магнум» сауда үйінің жанында арақашықтықты сақтамай алдындағы «ВАЗ 11183» көлігіне соғылған) медициналық куәландырудан өтеді. Оның нәтижесі алкогольді ішімдік ішпегенін көрсетеді. Осылайша, сотқа әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны туралы хаттаманың көшірмесі (№243310030025307, 20.05.2024 жылы сағат 19:24-те толтырылған) және медициналық куәландыру қорытындысы (№3109, 20.05.2024 жылы сағат 19:35-те берілген) ұсынылады.
Талдықорған қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 31 мамырда Р. Усанованы ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 73 840 теңге көлемінде айыппұл салу туралы қаулы (3312-24-00-3/1934) шығарады.
Тағы бір айта кететін жайт, сот қаулысында жауапкер туралы мәлімет қате беріледі. Атап айтқанда, жұмыссыз деп көрсетіледі. Алайда Р. Усанова өзінің жұмыс орнын (Жетісу облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ) атаған. Бұған сот отырысында жазылған аудио, видеожазбалар дәлел. Осыған орай, Талдықорған қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы А. Кальпебаева өз бастамасымен істі қарап шығып, 5 маусым күні 31 мамырда шығарылған қаулыға өзгерту енгізу қажеттігі туралы Анықтама (№ 3312-24-00-3/1934, 05.06.2024 жыл) береді. Атап айтқанда, қаулының кіріспе бөліміндегі жұмыс орны туралы «уақытша жұмыссыз» деген сөздерді «Жетісу облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ басшысы» деп өзгертуді нақтылайды.
10 маусымда бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желілерде «Жетісу облысында мемлекеттік қызметкер мас күйінде көлік жүргізген» деген тақырыппен ақпарат жарияланған. Осы орайда, Kazinform агенттігі Жетісу облысындағы меншікті тілші қате ақпарат ұсынуына байланысты кешірім сұрай отырып, материалдың мәтіні дұрыс нұсқасымен алмастырылатынын мәлімдейді.