Ұрпақ тәрбиесі - ұлт болашағы

Уақыты: 11.04.2018
Оқылды: 1396
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Әрбір елдің, әрбір мемлекеттің болашағының жарқын болуы ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты. Атадан балаға, баладан немереге жалғасып келе жатқан халқымыздың ұлттық тәрбиесі ең алдымен келешегінің өркенді болуына негізделген. Сондықтан да болар, «Адам ұрпағымен бақытты», «Өз балаң өзектен тепсең де кетпейді» деген тәмсілдерді өміріне жиі қолданған. Шыны керек, бүгінгі біздің ұрпағымызды теледидар, интернет, компьютер клубтары тәрбиелеп жатыр. Соның кесірінен ұрлық, зорлық-зомбылық, кісі өлтіру секілді сұмдық оқиғалар орын алып, ағайын-туысты, әке-шешені қуанышқа бөлеуі тиіс балалардың жат ағымның жетегінде кетіп жатқаны жасырын емес.

Қазіргі әлемді террорлық және экстремистік пиғыл қорқынышының басып тұрғаны шындық. Ертеден халқымыз «Шам өлкесі» атаған Сириядағы соғыс жағдайы, Үндістанға таяу жердегі Мьянмадағы мұсылмандарға қуғын, қысым көрсету, көршілес Шыңжаң аймағындағы халықтарды саяси сауаттылыққа үйрету, Ауғанстандағы жеткіншектерді тікұшақпен атқылап қырудың артында үлкен лаңкестік себептер  жатыр. Әрине, аталған шетін жағдайлардың шынайы себебін бір Алла біледі, дегенмен ондағы қанқұйлы оқиғалардың орын алғаны бүкіл елге аян. Осылардың ішінде Сириядағы ДАИШ ұйымына қазақ жастарының өз еркімен қосылуы ең өкінішті қадам. Халқымыздың тарихында «Соғыс өрті тұтанған елге өз еркімен кетіпті» дегенді естімеп едік. Кеңестік кезеңнің бұйрығымен барғандар болған шығар, бірақ бүлік шыққан жерге қарумен бару әдет-ғұрып, салтымызда жоқ еді. Тіпті, ел ішінен шыққан басбұзар тентекті қамшының бір сілтеуімен түзеген ата-бабаларымыз ұрпағын осындай жаман әдеттерден, теріс қылықтардан, жағымсыз әрекеттерден сақтандырып отырған. «У ішсең – руыңмен» деп әр ауыл өз тентегін өзі түзеген. Соның арқасында даламызда түрме болмаған. Ал оның артында ұлттық тәрбиенің тұрғандығы белгілі.
Ендеше, баласын жатқа тастамаған, жетімі мен жесірін жылатпаған, ағайын-туыстың амандығын біліп тұрған қазақы тәрбиені өзінің алтын тұғырына қондыру керек. Сонда ғана өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесі қалыпты жолға түсіп, теріс ағымның жетегіне ергендер болмайды. Күллі әлемді шошындырған террорлық және экстремистік пиғылдар белең алмайды.

Ермек Келемсейіт,
облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы