Прокуратура саласының сардары

Уақыты: 11.04.2018
Оқылды: 1807
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Мемлекеттің қарқынды дамуы қашанда жанашыр азаматтарының ерік-жігеріне, бастамасы мен белсенділігіне тікелей байланысты. Еліміздің құқық қорғау саласына саналы ғұмырын арнаған Әбдіқажым Рысдәулетов сондай отаншыл, мемлекетшіл жанның бірі еді. Алғаш ортақ мәселе – мемлекеттік тілдің қолданылуын тексеруге арналған рейд ұйымдастыруға көмегін берген Қаратал ауданының прокурорымен таныстығымыз кейіннен сыйластыққа, сырластыққа айналды. Қашанда еліміздің өркендеген сәтін көруді армандап, мемлекетіміздің әлем елдерінің арасында абыройы асқақтағанын тілеген Әбдіқажым Әбілмәжінұлы Қазақстан Республикасының шын жанашыры болатын.

Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін 1972 жылы тамамдаған Әбдіқажым Рысдәулетовті басшылық Қапал аудандық прокуратурасына тергеуші қызметіне жібереді. Жігерлі жас маман жаңа жұмыс орнында өзінің алғырлығының, білімділігінің, еңбекқорлығының арқасында тергеу жұмысының сапалы жүргізілуіне, заңның, яғни Қылмыстық процессуалдық кодекс талаптарының бұлжытпай орындалып, әр істің өзінің кесімді мерзімінде аяқталды. Әділ шешімін шығару үшін сот органы алдына жіберілуіне бар күшін салды. Қатарынан үш жыл, 1973, 1974, 1975-ші жылдары Қазақстан Республикасы бойынша жүргізілген тергеушілер арасындағы конкурста жеңімпаз деп танылып, «Үздік тергеуші» атағын алуы – сол ерен еңбегінің дәлелі болса керек. 
1976 жылы Ақсу ауданына прокурорлық қызметке жоғарылаған Қажекең өзіне жүктелген жауапкершілік жүгінің ауырлығын жақсы түсінді. Екі конституциялық мерзім, яғни 10 жыл бойы Ақсу ауданында прокурор болып, қылмыстың ашылуы, құқықтың сақталуы, конституциялық заңдылықтың бұлжытпай орындалуы сынды қыруар іс атқарып, қылмыс көбейген, заңды аяққа басқан ауданды рейтингте алдыңғы қатарға қосты. Одан соң 1986 жылдан 1995 жылға дейін Көксу ауданында прокурор болып  жемісті еңбек еткен Әбдіқажым Әбілмәжінұлы ротация тәртібі бойынша Қаратал ауданында прокурорлық еңбек жолын жалғастырды.
– Прокуратура араласпайтын, қадағаламайтын, бақыламайтын сала жоқ қой, – деген еді сол жылдардағы бір әңгіме кезінде ағынан жарылған Қажекең. – Халықтың Конституциялық құқығының қорғалуы, Парламент, Президенттің Жарлық, Қаулы-қарарларының бұлжытпай орындалуы, әлеуметтік-экономикалық бағыттағы заңдылықтардың сақталуын бақылау, жеке азаматтардың өтініш, шағымдарын қарау және қылмыспен күрес – бәрі біздің назарымыздан тыс қалмақ емес.
Иә, прокурор айтса айтқандай, басшысынан зәбір көріп, құқығы тапталған жан да, еңбекақы, зейнетақы, жәрдемақысын ала алмаған адам да, келісімге келе алмаған заңды тұлғалар да араласуын, көмегін сұрап аудан прокурорына келеді, бәрі оның араласуын, ықпал жасағанын қалайды.
2012 жылы аға әділет кеңесшісі, әділет полковнигі Әбдіқажым Рысдәулетов туралы Алматы облысының прокуроры болған генерал Ғабит Миразов «Жетісу» телеарнасына берген сұхбатында:
– Әбдіқажым Әбілмәжінұлы Рысдәулетов     40 жыл бойы біздің Алматы облысының прокуратурасында жемісті еңбек етті. Оның 35 жылын аудандық прокурор, дәлірек айтсам, Ақсу, Көксу, Ескелді, Қапал, Қаратал аудандарында  және Текелі қаласында прокурор лауазымын абыроймен атқарды.
Сөзі мен ісі бір жерден шығатын Әбдіқажым Әбілмәжінұлы облыстың прокуратура саласында қызмет жасап жүрген прокурор, мамандар мен бөлім басшыларының 40 пайызын тәрбиелеп, үйретіп, баптады. Мысалы, Игорь Ким, Наталий Кан сияқты судьялар, Дастан Тұрсынов сынды аудан прокуроры, Бибігүл Бакирова, Жандос Сқақов, Еркебұлан Сүлеймен, Айдын Өскенбаев сияқты бөлім басшылары мен  жоғары кәсіби мамандар осы Әбекеңнен тәлім алып, түлеп ұшқан қырандар!
Әбдіқажым Рысдәулетов қай ауданда еңбек етсе де тек заңдылықты қадағалаушы прокурор ғана емес, үлкенді аға тұтып сыйлайтын, кішіге іні деп қамқорлық көрсететін мәдениетті, жұртшылықпен тіл табыса білетін көпшіл де  қарапайым, үлкен жүректі, бас әріппен айтылатын атпал азамат ретінде өзін көрсете білді. Оның заңдылықты сақтау мәселесінде ешкімнің лауазымына, байлығы мен қоғамдағы алып отырған мәртебесіне қарамай, тәртіп пен Заң талаптарын орындатуда ымырасыздық танытатын батылдығы мен қатаң талап етіп, орындата білу қасиеттері – нағыз кәсіби прокурорға тән және ең қажет қасиеттер. Сондықтан, оны әріптестері «Прокуратура саласының сардары» деп мақтан тұтып, оның есімін орынды әспеттеп, құрметтейді.
Ерен еңбегі Үкімет, ел Президенті мен облыстық прокуратура тарапынан елеусіз қалмаған Әбдіқажым Әбілмәжінұлы көптеген орден-медаль, Құрмет грамоталарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ең бастысы, қарапайым ел-жұрттың оған деген құрметі, ықылас-пейілі, ізет-ілтипаты мен алғысы, ақсақалды қарттардың ақ батасы оның абыройын асқақтатып, беделін биіктетіп тастайтын.
Әбдіқажым Рысдәулетов өмірлік жары Сейілхан Матхалыққызымен Алматының автобусында танысады. Онда да сүйкімді қызға тиіспек болған бұзақылардан арашалап алады. Жаратқан Алланың қалауымен 1970 жылы бас қосып, отбасын құрған ерлі-зайыптылар Ғалым, Асхат, Мақсат атты ұл көріп, олардан туған немере-шөберенің қызығын тамашалады,  балдай тәтті тілінен шыққан сөзіне қуанды.
«Прокурор Қажым Рысдәулетов дүниеден өтіпті» деген суық хабар естіген елдің қабырғасын қайыстырды. Жаны жайсаң, мінезі жайдары, әзіл-күлкісі үзілмейтін, қолдан келген көмегін ешкімнен аямайтын ғазиз жанды кім өлімге қисын?! Ұлтқа, руға, жүзге бөлмейтін кеңпейіл, әр ұлттан шыққан досымен саятшылық құрып, аң-құсқа, балық аулауға барып, бір мезгіл табиғат аясында таза ауада демалып жүрген сап-сау адамды кім жаманшылыққа қия қойсын?! Бірақ, суық хабар рас болып шықты...
Уақыт шіркінде тоқтау бар ма?! Сынаптай жүйткіп, Әбдіқажым Әбілмәжінұлының суық жер қойнына тапсырғанымызға бір жыл толып үлгеріпті. «Топырағың торқа, иманың жолдас болып, пейіште нұрың шалқысын. Сен көрмеген қызықтарды құдай қосқан қосағың  Сейілхан жеңгей мен ұрпақтарың көре берсін!» деп дұғама  қосқаннан басқа менің қолымнан не келе қойсын?! Қайран да қайран қара жер қойнына қимас Әбекем...
Қажекеңнің қырқын берген соң Сейілхан Матхалыққызы Әбекең туралы естелік кітап жазуға ұсыныс тастады. Адал достан немді аяйын?! Талмай еңбектенудің арқасында «Аудан прокуроры» атты кітап Алматыдағы «Руна» баспасынан биыл көктемнің алғашқы күнінде 500 данамен жарық көрді. Онда сыныптастары, әріптестері, аралас-құралас болған сыйластары, саятшылықта бірге жүрген орыс, кәріс, неміс, чешен достары, құда-жекжаттары жүректі қуанышқа толтырар сәттерді естелік ретінде айтып, бақилық болған Әбекеңнің рухына дұға бағыштайды.
 
Ғабдул-Сәбит Юсупов,
Қазақстан Журналистер одағының  мүшесі,
Қаратал ауданының Құрметті азаматы