КӨЛІК ӨРТІ ЖИІЛЕДІ

Уақыты: 05.10.2024
Оқылды: 187
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Соңғы уақытта облыста жүк көліктерінің өртену дерегі көбейіп, жүргізушілер мен құтқарушылар үшін үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. 


Биылдың өзінде облыста 41 өрт оқиғасы тіркелген. Оның 9-ы жүк көлігі, 26-сы жеңіл көлік, 3 автобус пен 1 ауылшаруашылық техникасы. Сондай-ақ, 2 төтенше жағдай басқа көлік құралында орын алған. Оқыс оқиғаның алдын алу үшін төтенше жағдайлар департаменті профилактикалық рейдтер өткізіп, жүргізушілерге көліктерін өрттен қорғаудың дұрыс жолдарын түсіндіруде.

Өрттің басты себептерінің бірі – ақаулы электр сымдары. Құйылған немесе тозған оқшаулау, бос контактілер мұның бәрі кішкене ұшқынның үлкен өртке айналуына себеп болуы мүмкін. Әсіресе, жолда мұндай ақаулар туындағанда көмектесетін адам табылмай қалады. Сондықтан мамандар электр сымдарының күйін үнемі тексеріп, кез келген күмәнді жағдайда кәсіби мамандарға жүгінуді ұсынады. Сондай-ақ тілсіз жау көбінесе отын жүйесіндегі ақаулардан туындайды. Жылдар өте келе, шлангылардың икемділігі жоғалып, микрожарылулар пайда болады. Олардан жанар-жағармай ағады. Жанар-жағармай буы тіпті қозғалтқыштың ыстық бетімен байланысқанда тұтануы мүмкін. Бұл тек сіздің көлігіңіз үшін ғана емес, айналаңыздағы адамдар үшін де қауіпті.

Электр сымдарының және отын құбырларының жағдайына мұқият қарау өрт қаупін айтарлықтай азайтуы мүмкін. Төтенше жағдайлар департаменті жолдағы қауіпсіздік тек ереже емес, өз өміріңіз бен қасыңыздағы адамдардың өмірі үшін жеке жауапкершілігіңіз екенін еске салады. Көлікке отырған кезде осы қарапайым, бірақ маңызды кеңестерді есіңізде сақтаңыз. Сапарыңыздың қаншалықты қауіпсіз болатыны тек өзіңізге байланысты.

Айдар ҚАЛИЕВ