Жүргізуші куәлігін алу үшін тағы екі түрлі растау тәсілі ұсынылды

Уақыты: 11.10.2024
Оқылды: 302
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Мемлекеттік корпорация жүргізуші куәлігіне теориялық емтихан тапсыру жүйесіне өзгерістер енгізуде. Енді жүргізуші куәлігіне үміткерлер екі факторлы аутентификациядан өтеді.

Екі факторлы аутентификация – қолданушының екі түрлі әдіспен өзін-өзі растау тәсілі: біріншісі – СМС хабарламаның көмегімен, екіншісі – биометриялық сәйкестендіру арқылы.

Тестілеу басталар алдында қызметті алушыға 1414 нөмірінен дербес деректерге қол жеткізуге сұрау салатын хабарлама келіп түседі. Айта кету керек, SMS қолданушының электрондық үкімет порталының жеке кабинетіне тіркелген телефон нөміріне жіберіледі.

Сәтті авторизациядан кейін қызмет алушы биометриялық сәйкестендіруден өтеді.

«Алаяқтар күн сайын алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап табуда. Осы орайда біздің қызметкерлеріміз де заңбұзушылықтарды анықтау үшін үлкен жұмыстар атқаруда. Сонымен қатар, Мемлекеттік корпорация қызмет көрсетудің сапасын жақсарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Ендігі кезекте, екі факторлы аутентификацияны енгізу емтихандағы бұзушылықтардың санын азайтуға көмектеседі деп сенемін. Сәйкесінше қызмет алушының деректері де сенімді қорғалады», – деп атап өтті Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Арман Кенжеғалиев.

Айта кетейік, жаңа бастама әзірге 11 қазаннан бастап Астана қаласында енгізіледі. Ал еліміздің мамандандырылған ХҚКО-да екі факторлы аутентификацияны жыл соңына дейін енгізу жоспарланған.

Материал: ХҚКО дерегі бойынша ұсынылып отыр. 

Фото: shutterstock.com