САН ҚЫРАНДЫ САМҒАТҚАН

Уақыты: 25.05.2018
Оқылды: 2044
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

   Аспантаулар аясында, көрікті Көлсай түбінде орналасқан Саты ауылында Айтжан Түркебаев атындағы орта мектеп бар. Аталмыш білім ордасы биыл өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтуде. Мектеп тарихы Табанқарағайда Тойғанбек байдың үйінде Дәркенбай қажының ашқан діни білім ордасынан бастау алады. Ақсақалдардың айтуынша, діни мектеп көп уақыт бойы оқушылардың сауатын ашып, жан-жақты білім берген.

 

    1928 жылы Маманның Сазындағы Сақыптың теректен салынған үйінде Нұрлан Бейсенбаевтың ұстаздық етуімен кеңестік мектеп ашылады. Нұрлан ағамыз ол мектепке шығыс жағы Қайыңды, батыс жағы Дәуталы бұлағының арасындағы ауылдардың балаларын жиып алып, өзі оқытыпты. Бұл мектептің алғашқы оқушылары: Қайыңдыдан –   Б. Құратов, Тұрсынбаев; Сатыдан – Н. Болжыров, Н. Жақанбаев, Б. Шамбылов, Б. Тілеубаев; Көлсайдан – Н. Кетпенбаев, Т. Қазақбаев; Құрметіден – Абайылдаев, Егізбаев, Сегізбаев; Талдыдан – Қ. Шалағызов, Дәуталы бұлағынан –  С. Дәуталиев тағы басқалары болған.
   1930 жылы Көлсай өзенінің Шелекке құяр сағасындағы «Құрметі» ұжымшарының орталығына 5 бөлмелі жаңа мектеп салынды да, жоғарыдағы мектеп осында көшіріліп әкелінді. Төртжылдық бастауыш мектеп деп аталды. Оның алғашқы директоры болып Қасымалы Малмақов тағайындалды.
   1938 жылы бұл мектеп жетіжылдық дәрежесіне көтерілді де, оған Шитебаев Мұқан деген кісі директор болды. Мектеп 1950 жылға дейін Құрметі, Саты ауылдарына ортақ мектеп болып жұмыс істеді. 1950 жылы «Құрметі» мен «Саты» ұжымшарлары қосылып, іріленуіне байланысты жетіжылдық мектеп  Сатыға көшірілді.
   Ал Саты бастауыш мектебінің тарихына келетін болсақ, оның іргесі 1929 жылы қаланып, Шамбыл атаның екі бөлмелі ағаш үйіне орналасыпты. Бұл мектептің алғашқы мұғалімдері болып Дүйсенбай Ботыбаев, Асқар Құсайынов, Тұрлығожа Ақжігітов істепті. Кейіннен ұстаздықты Сария Бағаев жалғастырған көрінеді. Құрметі жетіжылдық  мектебі Сатыға көшіп келгенге дейін аталған мектеп өз алдына жұмыс жасап келген. Қосылған білім ошағы 1967 жылға дейін «Құрметі жетіжылдық мектебі» деп аталды. 1967 жылы ол орта мектеп деңгейіне көтерілді. Он жылдан кейін, яғни, 1977 жылы Қазақ ССР Министрлер советінің 21 қарашадағы № 525 қаулысына сәйкес бұл мектепке Жетісу өңірінде кеңестік құрылысты нығайтушылардың бірі – Айтжан Түркебаевтің есімі берілді.
    Мектеп тарихының алғашқы кезеңіндегі ұстаздарға келетін болсақ, жастарға білім мен тәрбие беруде бір кісідей атсалысқан ұстаздарымыздың қатарына жоғарыда аталған мұғалімдер мен мектеп директорларынан басқа  Қасымалы Дәуталиев, Сәрсенбай Дәуталиев, Рәтай Әкішев, Қыдырбай Сымайылов, Қырғызбай Өмірәлиев, Әтен Ниябекова, Сәрия Бағаев, Сәдуақас Бөденбаева, Қожахмет Нәдірбеков, Байділда Шамбылов, Нәсіл Саламатова, Өзипа Батталова, Имаш Ибраймов, Қани Ибраймов, Кеңес Батанов сияқты ағаларымыз бен апаларымыздың аттарын құрметпен атаған болар едік.
   Қазіргі білім ордасы  1986 жылы жаңадан салынған. Мектепте 181  оқушы оқиды. Мұнда екі топты шағын орталық жұмыс жасайды. Онда 50 бала тәрбиеленуде.
   Алдыңғы ағалардың  салып кеткен сара жолын кейінгі толқын да жалғастырып келеді. Қазіргі уақытта  аталмыш білім ордасында жоғары деңгейлі мұғалімдер қызмет етуде. Жаңартылған білім мазмұнын басшылыққа ала отырып, оқушыларға  білім беруде. Мектеп мұғалімдерінің аянбай еңбек етіп, алдындағы шәкірттеріне сапалы білім бергендігінің нәтижесінде  мектептің көрсеткіші де жоғары болып тұр. Мектеп мұғалімдері мен оқушылары түрлі республикалық, облыстық, аудандық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Атап айтқанда, бастауыш сынып мұғалімі  Күләш Қыдырбаева 2016 жылы өзінің ерен еңбегінің арқасында  «Ұлағатты ұстаз»  төсбелгісімен марапатталды.  Математика пәнінің мұғалімі Шамил Сағындықов облыстық «Алтын диск»  атты байқауға қатысып, жүлделі 3-орынды иеленді, 2013 жылы Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық  білім беру академиясының атынан  жемісті еңбегі және ғылыми-зерттеу жұмысына қосқан үлесі үшін Құрмет грамотасымен марапатталды.
   2014 жылы математика пәнінің мұғалімі Дина  Омарова ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы. Алтынсарин медалінің иегері, Райымбек ауданының Құрметті азаматы Нұрбатыр Орынбайдың  құрметіне арналған  математика мұғалімдерінің аудандық олимпиадасына қатысып, күміс медальмен, 2018 жылы қола медальмен марапатталды. Сонымен қатар  2016 жылы білім жүйесінің  қазіргі заман талабына сай  жаңаруы мен дамуына үлес қосатын білімді азамат тәрбиелеудегі  зор еңбегі үшін мақтау қағазымен марапатталды.
   2012 жылы бастауыш сынып мұғалімі Сайра Мамырова Қазақстан Республикасы Кіші ғылым академиясының  республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына дарынды оқушыларды нәтижелі де сапалы дайындағаны үшін арнайы мақтау қағазымен марапатталды. 2014 жылы жоғары біліктілігі мен кәсіби шеберлігін еліміздің болашағы жас ұрпақты оқыту  тәрбиелеуде  арнаған табысты еңбегі үшін Құрмет грамотасымен марапатталды.
   Облыстық олимпиадада математика пәнінен Елшібай Қанат 3-орын, Ерболат Аяулы 3-орын, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Тұрыскелді Іңкәр  3-орынды иеленді. Ал облыстық ғылыми жобалар конкурсынан өлкетану секциясы бойынша Ерболат Аяулым 3-орын, математика секциясы бойынша Жексенбі Іңкәрбек 2-орын, «Зерде»  республикалық конкурсында Бейсебек Нұржан  жүлделі 3-орын тұғырынан көрінді.
   Мектебіміздің талантты оқушыларының бірі Тұқан Әділет  көптеген жарысқа қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Атап айтсақ,  «Балапан» телеарнасының «Алтын құлын» халықаралық жас жыршылар сайысына қатысып 1-орын, халықаралық түркі елдері ақын-жазушылары бірлестігі мен Қырғызстанның  балалар мен жасөспірімдерге арналған «Кырчн» әдеби-көркем журналы ұйымдастырған «Достықтың туын желбірет» атты халықаралық шығармалар байқауына қатысып, жүлделі 2-орынды еншіледі. Сондай-ақ,  аудандық «Мұқағали стипендиаты-2018» байқауына қатысып, өз өнері мен шығармашылығын ортаға салды.
    Мектепте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы негізінде көптеген шара жүзеге асуда. «Туған жерге  айрықша іңкәрлікпен атсалысу шынайы патриотизмнің маңызды көрінісі», – деп Елбасымыз айтқандай, ауылымыздың тумасы генерал-майор  Сәбит Құрманәлиевтің демеушілігімен мектебімізде арнайы күрес секциясы ашылды. Бүгінгі күні мектеп оқушылары осы секцияда дайындалуда. Сонымен қатар, мектебіміздің түлегі журналист, марқұм Шолпан Жұмаділова апамыздың атынан озат оқушыларға арнайы стипендия тағайындалды. Оқу жылының соңында мектептің үздік оқушыларының арасынан стипендиант анықталып, арнайы сыйлықпен марапатталып отырады. Бұл ізгі іс жылда жалғасын табады.
    Мектеп өмірі бір орында тұрмай, жалғаса беретіндігі сөзсіз. 90 жылдық тарихы бар, сан қыранды самғатқан алтын ұя мектебіміз әлі де талай  ұрпақ тәрбиелеп, көкке самғатары анық. Олай болса, мектебіміздің дамуы мен көркеюі – ұстаздар мен ата-аналардың, ел-жұрт пен бүгінгі мектеп партасында отырған шәкірттердің абыройлы борышы.

Сандуғаш МОЛДАХМЕТОВА,
А. Түркебаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Саты ауылы,
Кеген ауданы