40 КӨЛІК ТАРТУ ЕТТІ

Уақыты: 30.12.2024
Оқылды: 388
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Заң һәм тәртіп. Осы екеуі елімізде жүзеге асып жатқан реформаның негізінде тұғырлы болуы тиіс. Сонда ғана еліміз бағыт алған Әділетті Қазақстан орнайды. Мемлекет басшысы: «Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл   – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуге тиіс», – деген еді. Ал қауіпсіздік қалай орнайды? Кім орнатады? Әрине, тәртіп сақшылары! Ал олардың оңтайлы жұмыс істеп, азаматтардың қауіпсіздігін, заң мен тәртіптің үстемдігін қалыптастыру үшін жан-жақты қолдау да керек. Қолдау жасалып жатыр да. Жыл жабар сәтте облыстық полиция қызметіне 40 автокөлік тарту етілді.


«Жастар» спорт кешені жанында өткен салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев өңірдегі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына, атқарылған шаруаларға тоқталып, тәртіп сақшыларына алғысын да жеткізді.

 – Өңірдің тұрақты дамуы ең алдымен қоғамдық тәртіптің сақталуына, тұрғындардың қауіпсіздігі мен елдің тыныштығын қамтамасыз етуге тікелей байланысты. Сондықтан құқық қорғаушылардың уақытпен санаспай, күн-түн демей күрделі де жауапты жұмысты адал атқарған еңбектерін әрдайым жоғары бағалаймыз. Осы орайда полицияның алаңсыз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау – Мемлекет басшысының алдымызға қойған басты міндеттерінің бірі. Бұл мәселеге біз тұрақты назар аударып, әрдайым материалдық-техникалық жағынан қолдау көрсетіп келеміз. Қазіргі жаңа реформаларға негіз болып отырған заңның үстемдігін орнықтыру, әділдік пен ашықтыққа жол ашу міндеттерін іске асыруда сіздерге артылар жауапкершілік жүгі үлкен, – деді облыс әкімі.
Мұнан кейін облыс әкімі облыстық полиция қызметіне «ГАЗ Соболь», «Chevrolet Cobalt», «JAC Sunray» және « Haval Wingle 7» көліктерін тарту етті. Мұнан кейін сөз алған Жетісу облыстық полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсайынов артылған міндеттер мен жүктелген жауапкершілікті әрбір тәртіп сақшысы бұлжытпай орындап, ел алдындағы қасиетті борышқа адал болатынын жеткізді.

 – «Заң және Тәртіп» қағидатын ұстану барысында, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс бастығы үлкен қолдау білдіріп, материалдық және техникалық жабдықтармен барынша қамтамасыз етуде. Осы тұрғыда облыстық полиция департаменті атынан жергілікті атқарушы органға алғыс білдіремін. Мұндай қолдаулардан соң күнделікті көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда тиісті тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заң мен тәртіптің салтанат құруына бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, – деді Сарқытбай Құсайынов. 

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев жуырда өткен халықпен кездесуінде Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілге атқаруы тиіс 3 міндет жүктеген еді. Сол міндеттің бірі – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Шын мәнінде, бұл тек жергілікті атқарушы органға емес, жалпы әрбір құқыққорғаушыға артылған жүк. Ал, жылжабар сәтте полицейлерге жасалған тарту – осы міндетті жүйелі атқаруға үлкен көмегін тигізбек. 

Дастанбек САДЫҚ
Фото.
Жеңіс ЫСҚАБАЙ