МАҚСАТЫ АЙҚЫН КЛУБ

Уақыты: 31.12.2024
Оқылды: 354
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Өскелең ұрпақты ата-баба дәстүріне сай тәрбиелеу – уақыт талабы. Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5-қазандағы Жарлығын жүзеге асыру, сонымен қатар өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбиесін жетілдіру мақсатында жуырда «Жас сарбаз» кадет сыныптарын және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтарын ашу ұсынылды. Жуырда шалғайдағы Аманбөктер мектебінде алғаш рет Сарқан ауданы бойынша «Жас сарбаз» – балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық клубы құрылды.


Салтанатты шараға Сарқан ауданы әкімінің орынбасары А. Байғұнысов, аудандық білім бөлімінің басшысы Г. Серікбаева, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы подполковник  Т. Әлсейітов, Алакөл ауданы Екіаша шегара бөлімшесі басшысы  А. Қаукенов қатысты. Қадірлі меймандар мақсат жастардың бойында Отан алдындағы сүйіспеншілік сезімін ояту, өз еліне, туған жеріне ғана қызмет етіп қоймай, елдің болашағын тәрбиелеу екенін атап өтті. Айтуларынша, әскери-патриоттық тәрбие тек әскери тәртіпке емес, білімге, достыққа, тапқырлыққа жетелейді деп оқушыларды еліміздің тарихын жетік біліп, саламатты өмір салтын насихаттай беруге шақырды. Жалпы, бұл клуб жасөспірімдерді әскери-қолданбалы спорт түрлерімен шұғылдануға, өз денсаулығына күтім жасауға, саламатты өмір салтын қалыптастыруға насихаттауды көздейді. 

Айта кететін жайт, «Жас Сарбаз» клубының ашылуына ауылдың тумасы Жақсыбек Әбделдинов мұрындық болған. 

Ж. ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы