Қазіргі таңда жегі құрттай кеулеп бара жатқан сыбайлас жемқорлықпен күрес біздің қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны белгілі. Осыған орай мемлекет тарапынан аудандағы барлық мекеме-ұйымдарда, білім беру ошақтарында қауіпті кеселдің алын алу мен оны болдырмау жөнінде нақты шаралар да жүзеге асуда.
Осының айғағындай жуырда Қарабөгет ауылында әл-Фарабидің есімін иеленген білім ордасында шәкірттердің қатысуымен «Сыбайлас жемқорлыққа - жол жоқ» сынып сағаттары өткізіліп, мектеп ұжымына түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ ”Jetisy jastary” КММ-нің филиалы “Sarqan jastary” және Қарабөгет ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы Аружан Бейсебайдың ұйымдастыруымен “Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ” тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Аталған іс-шараның мақсаты “Сыбайлас жемқорлық” деген ұғымды түсіндіріп, осы бір қоғамдық дерттің пайда болу жағдайлары жайлы қатысушылардың арасында түсінік қалыптастыру болды.
Сонымен қатар Қарабөгет ауылдық кітапханасында «Сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл:Өзіңнен баста» атты пікірталас өткізілді. Іс-шараға ауыл жастары қатысты. Кітапханашы Жанаргүл Бостанқызы жастарды сыбайлас жемқорлық туралы фактілермен таныстырып, қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ең өзекті мәселелердің біріне айналуда екенін айтып өтті. «Сыбайлас жемқорлықты қалай тоқтатуға болады?» деген сұраққа қатысушылар арасында қызу пікірталас жүргізілді. Шара барысында сыбайлас жемқорлық туралы буклеттер де таратылды.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ,
Сарқан ауданы.