"5 минуттан артық көлік қыздыру": Заңға өзгеріс керек пе?

Уақыты: 19.01.2025
Оқылды: 347
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Бұл айдарда біз жаңа қабылданған немесе соңғы уақытта көптің қызу талқысына түскен заңдарға тоқталып, қарапайым халық пен заң қызметкерлерінің пікірін ортаға саламыз. Қазір газет бетін парақтап, көкжәшікті қоссаң да, әлеуметтік желіні ашсаң да: «Енді 5 минуттан артық көлігін қыздырғандар 20 мың теңге айыппұл төлейді. Себебі, ұзақ уақыт қызып тұрған көліктен ауаға зиянды заттар бөлінеді», – деген ақпарат сайрап тұр. Бұл заң халықтың қызу талқысында жүр. Сонымен, қарапайым жұрттың ойы қандай, маман не дейді?

АУЛАДАН ШЫҚПАЙ АЙЫППҰЛ АРҚАЛАЙМЫЗ БА?

Көлік жайлы заң шыққалы көпшіліктің наразылық пікірі желдей есті. Бірі қақаған аязда көлік 15 минуттан артық оталдырып қоймаса қызбайды десе, енді бірі «темір тұлпарға» келетін зиянын айтып шырылдауда.

– Қазақстанда көліктің басым көпшілігі ескі. Сондықтан қызуы қиын. 20 градустың өзінде 15 минут оталдырып қоямыз. Тіпті жаңа көліктердің өзі 30 градус аяз болса 5 минутта қызып үлгермейді. Экологияны ойлағанымыз дұрыс. Бірақ, 5 минутта көлік қызып үлгермейді ғой. Сонда біз ауладан шықпай айыппұл арқалаймыз ба? Заңбұзушылық қайталанған сайын айыппұл өсе береді екен. Біз экологияны ойласақ облыс орталықтары мен ірі қалалардағы көлік кептелісін азайтуымыз керек. Мәселен, Алматыда кептелістегі көліктер сағаттап оталып тұрады. Міне, нағыз қоршаған ортаны ластау, – дейді көлік жүргізушісі Жарбол Ертайұлы. 

Ал көліктің моторын жөндеуші Андрей Калачев: 

– Қыстың көзі қырауда су жаңа көліктеріңнің өзі кемі 10-15 минут қызады. Кез келген мотор майы суықта қоюланып қалады. «Темір тұлпарды» қыздырмай жүрсең көліктің қозғалтқыш бөлшектері нашар майланады және тиісінше, әсіресе жоғары айналымда тез тозады. Сөйтіп қыздырмай жүре берсек моторсыз қаламыз. Мотор дегеніміз – көліктің жүрегі. Қыстың күні 5 минутта көлікті қыздыру мүмкін емес. Аязды күнде кем дегенде 15-20 минут қажет. 5 минутта терезеге қатқан қырау да ерімейді, – деді. 

Бұл заңға депутаттар да қарсылық білдіруде. Халық қалаулысы Серік Ерубаев -20, -30 градуста көлікті өшіріп қою қисынсыз екенін айтты. 

– Аязды күні балаларды мектеп пен балабақшадан алғанда балаларды суық көлікке қалай отырғызамыз? Суық өңірлерде машинаны қыздыруға 5 минут жетпейтіні айдан анық, – деді депутат.

20 ЖЫЛ БҰРЫН ШЫҚҚАН ЗАҢ

Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Жанар Қалықова: 

– Бұл жаңа шыққан заң емес. Ол ҚР жол жүрісі қағидаларында 20 жылдан астам уақыттан бері бар. Егер көлік құралы бес минуттан артық жұмыс істеп тұрған қозғалтқышпен тоқтап тұрып, тұрғындарға қолайсыздық тудырса, бұл жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 597-бабы 1-бөлігінде көзделген құқықбұзушылықтың құрамына сәйкес қарастырылады. Сонымен қатар, ішкі істер органдары аталған құқықбұзушылық үшін азаматтарға жаппай айыппұл салуды мақсат етпейді. Айта кету керек, көрсетілген бап бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс азаматтардың шағымдары түскен кезде ғана, куәгерлер құқықбұзушылық фотосы мен бейнематериалдарын ұсынған жағдайда ғана қозғалады. ЖЖҚ-ның 88-тармағы 5 тармақшасына сәйкес тұрғын пункттерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған механикалық көлік құралдарының тұрғындарға қолайсыздық тудырып тоқтап тұруына тыйым салынады. Осындай талап ЖЖҚ-ның 17-бөлімінің 122-тармағы 4 тармақшасында да көрсетілген. Айта кетейік, облыста ешқандай заңбұзушылық тіркелмеген, – дейді.

Айдар ҚАЛИЕВ
Фото: Motor Page