Пара туралы сөз қозғағандар да жазаланады

Уақыты: 17.01.2025
Оқылды: 318
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстанда пара ұсынғандарға да жаза қолданылатын болады, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Orda.kz сайтына сілтеме жасап.

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексіне сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаралды.

 

Бұл заң жобалары елдің заңнамасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірнеше жаңалық енгізуді ұсынады. Атап айтқанда, пара ұсыну үшін жауапкершілік енгізу қарастырылуда.

«Заң жобасында пара алу үшін келісім беру, пара сұрау немесе талап ету, сондай-ақ пара уәде ету немесе ұсыну үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу қарастырылған. Бұл кез келген пара туралы айтылған сөздер қылмыстық салдарға әкеп соғатынын білдіреді. Мен бұл тәсілді қолдаймын, бірақ мені қызықтыратыны – бұл қылмыстардың жаңа құрамын анықтау кезінде адамның нақты ниетін іс жүзінде қалай дәлелдеуге болады. Себебі сот-тергеу практикасында парақорлыққа қатысты істер көбінесе дәлелденуі қиын қылмыстар санатына жатады. Бұл біздің азаматтарымызды негізсіз қылмыстық жауапкершілікке тартуға әкелмей ме?», деп сұрады депутат Николай Арсютин.

Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов бұл сұраққа жауап бере отырып, барлық операциялық-іздестіру қызметінің заңға сәйкес жүргізілетінін айтты.

«Жауапкершілікке тарту мәселесінде мен бірден айта кеткім келеді, бұл ең алдымен профилактикалық әсер береді. Мұнда жаппай жауапқа тарту еш болмайды. Біз халықаралық тәжірибені қарадық, онда мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі. Көбіне профилактикалық шаралар қолданылады, сондай-ақ прокуратура мен сот органдарының бақылауы бар. Яғни, бұл профилактикалық сипаттағы мәселе»,  деп жауап берді Сарқұлов.

Фото: Ольга Ибраева, Orda.kz