Әрбір мемлекеттің өзіндік ерекшелігін айқындайтын рәміздері болады. Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің белгісі. Сондықтан біз тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз, қорғауымыз керек. Осы мақсатта ҚР Мемлекеттік рәміздерін қорлау фактілері бойынша жауапкершілік қатаңдатылды.
Шыны керек, елімізде көптеген азамат мемлекеттік рәміздерді қолданудың жай-күйін біле бермейді. Кейбіреулері осы саланы реттейтін арнайы заңның бар екендігінен бейхабар. Сондықтан біз рәміздерді қорлаған адам қандай жауапкершілікке тартылатыны мен қалай пайдалану керектігіне қысқаша тоқталуды жөн көрдік.
ҚР Қылмыстық кодексінің 372-бабына сәйкес Мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін 3000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 900 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығын айыруға жазаланады.
ҚР Мемлекеттік Туын, Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ, Гимннің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларына сәйкес ҚР мемлекеттік нышандарына арналған экспозиция үшін бөлінген үй-жайлар (үй-жайлардың бір бөлігі) әсем безендірілуге және шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, кіреберістен және киім ілетін бөлмелерден алыс орналасуға тиіс. Сондай-ақ, ғимараттарға қойылған Елтаңбаға және Мемлекеттік Туға түнде жарық түсіп тұруы тиіс.
ҚР 2007 жылғы 4 маусымдағы №258 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Заңына, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 8 маусымдағы №137 «Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою қағидалары» бұйрығының 2-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
Қай елдің болмасын тәуелсіздігі мемлекеттік нышандарымен құнды. Сондықтан әрбір елдің тұрғыны үшін Елтаңба, Ту, Әнұран қастерлі.
Айдар ҚАЛИЕВ
Фото: apgazeta.kz