ҚУДЫҢ АЯҒЫНА СУ ЖҰҚПАС

Уақыты: 25.01.2025
Оқылды: 266
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қоғам тыныштығы үшін өмірін қатерге тіккен тәртіп сақшыларының арқалаған жүгі қашан да ауыр. Заман дамыған сайын қылмыс түрі де көбейіп келеді. Қылмыстың алдын алу, ашу бойынша Көксу ауданында қандай шаралар атқарылды? Мақалаға зер салайық.


ІШІМДІКТЕН БАС ТАРТҚАН ҮШ АУЫЛ

Аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өңірде қылмыс саны 2023 жылмен салыстырғанда 200-ден 168-ге төмендеген. Жалпы қылмыстың ашылу көрсеткіші 82,8% пайызды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда жоғарылап тұр. Оның бір себебі – аудандағы үш ауыл Жарлыөзек, Еңбекші ауылдық округіне қарасты Кеңарал, Мұқаншы ауылдық округіне қарасты Жетіжал ауылдары ішімдіктен түбегейлі бас тартқан. Соңғы 5 жылда осы 3 ауылда ешқандай қылмыс тіркелмепті.

– Үлгілі ауылдардың қатарында тұрған 3 ауылда да спирттік ішімдік сатылмайды. Соның нәтижесінде ол жақта бірде бір қылмыстық іс тіркелмеді. Мұндағы жастардың басым бөлігі спортпен шұғылданып, өнерге бет бұрған, – дейді Көксу ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Ернар Қалтаев.

Облыста арақ сатылмайтын, ішімдік ішілмейтін ауылдар саны көбейіп келеді. Біз айтқан ауылдардың дүкендерінде ішімдік атаулы сатылмайды, дастарқанға арақ-шарап қойылмайды. Ауыл ақсақалдарының арқасында алақандай ауылдар бүкіл елге үлгі болып отыр. «Еліміз ішімдік атаулыдан ада болса, қылмыс саны да азаяды» дейді ауыл тұрғындары. 

– Көнекөз қарияларымыздың бастамасымен бір жылдан бері ауылда арақ сатылмайды. Бұрыннан қазақи ауыл. Ауылда арақ ішіп, көшеде төбелес шығаратындар болмайтын. Десе де кейбір дүкенде арақ сатылатын. Қазыналы қарияларымыз «арақсыз ауыл» боламыз дегенде барлығы бірауыздан келісті. Қазір шүкір, жұма сайын тегін нан таратамыз. Жұма күні дүкенге түскен нанның ақшасын ауылдың бір жігіті төлеп кетеді. Оны тұрғындар тегін алады. Игі бастаманы әр азамат кезек-кезекпен жалғап отырады, – дейді ауыл тұрғыны Фатих Ақынұлы. 

ҰСТАЛМАҒАН ҰРЫҒА ҮКІМ ЖҮРМЕЙДІ

Бүгінгі қоғамда мал ұрлығы шаруаның мазасын алған мәселеге айналып отырғаны бәрімізге белгілі. Сондықтан, бұл қылмыстық құқықбұзушылықтың әлеуметтік зияны көп. Көксу ауданы жұртшылығын алаңдатып отырған қылмыс түрі де осы мал ұрлығы.

Жаз жайлауда жүрген жұрттың төрт түлігі, қыс келе ізім-ғайым жоғалады. Полиция қызметкерлері бұл қылмыстың тамырына балта шаппаса да санын азайтыпты. 

– Талдау жүргізу барысында мал ұрлығы көбінесе жайылымнан ұрланып жатыр. Арызданушылар дер кезінде полиция бөліміне жүгінбесе төрт түлікті тез арада табу және қылмысты дер кезінде ашу қиындық туғызады, – дейді полиция бөлімінің бастығы. 

Мал ұрлығын алдын алу мақсатында, Көксу ауданының аумағында 11 тұрақ бекітіліпті. Атап айтқанда, Балпық би, Айнабұлақ, Алғабас, Мұқыры, Лабасы, Еңбекші, Жарлыөзек, Мұқаншы, Мұсабек ауылдық округтерінде және отгондық учаскелерінде орналасқан. Олар бойынша ауылдық округтердің әкімдері және шаруа қожалықтың иелері арасында меморандум әзірленген. Қараусыз жүрген малдың иелеріне 2024 жылы барлығы 181 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, мал иелеріне барлық дерек бойынша айыппұл салынған. Көксу ауданы бойынша 417 жеке шаруа қожалығы бар. Учаскелік полиция инспекторларына өздеріне бекітілген аумақтарында жеке шаруа қожалықтарын, қыстаулар мен жайылымдарды аралап, мал иелеріне малдарды қараусыз қалдырмау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылдың 12 айында іздеуде жүрген 4 қылмыскер ұсталды.

Ауданда мал ұрлығы азайғанымен алаяққа тұсау салу мүмкін болмай тұр. Цифрлық технология дамыған сайын, қылмыс та түрленіп барады. Полиция қызметкерлері кейінгі кезде елді қарусыз тонап жүргендер көбейіп кеткенін айтып шырылдауда. Ауданда бұл қылмыстың түрі 31-ден 58-ге дейін жеткен. Күн сайынғы ескертулер мен сақтандыруға қарамастан алаяқтарға жем болғандардың саны көбеймесе азаяр емес. 

Сонымен қатар өзекті мәселенің бірі – жол-көлік апаты. Заман ағымын зулаған көлік құралынсыз елестету әсте мүмкін емес. Бірақ кейінгі кезде сол «темір тұлпардың» салдарынан жол апаты жиілеп барады. Көксу ауданында былтыр 64 жол-көлік апаты орын алды. Салдарынан 15 адам қайтыс болса, 119 адам жарақат алды. Былтыр 2960 жол ережесін бұзу дерегі анықталды. Оның ішінде автокөлікті мас күйінде жүргізгені үшін 28 адам ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Қайғылы жағдайды азайту үшін заң бұзушылықтарды анықтайтын бейнебақылау камералар көбейтіліп, заң күшейтілуде. Десе де «темір тұлпар» тізгіндеген әр адам өзінің және өзгенің өміріне жауапты екенін жадынан шығармағаны абзал.