12 ақпан күні Жетісу облысында Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Жетісу жастары орталығында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Заң және Мен: Ойна, біл, сақта!» атты интеллектуалды ойын өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қатысушылардың заңдар мен құқықтық нормалар туралы білімдерін тереңдету және азаматтық жауапкершіліктерін қалыптастыру.
Ойын үш негізгі тақырыпты қамтыды: Жол қозғалысы ережелері, адам құқықтары, конституция және заңдар.
Қатысушылар заңдарды қызықты әрі интерактивті форматта меңгерді. Ойын барысында пікірталастар, топтық тапсырмалар және өмірлік жағдайларды талдау сынды әдістер қолданылды. Қатысушылар 3 турдан өтіп, сұрақтарға жауап беру арқылы өз білімдерін сынап көрді.
Ойынға оқушылар, студенттер, жастар мен белсенділер қатысты. Қатысушылар құқықтық сауаттылықтың маңыздылығын түсініп, өз құқықтары мен міндеттері жайлы жан-жақты ақпарат алды.
«Заңды білу – өз құқығыңды қорғау!» ұранымен өткен бұл шара жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болды.
Қатысушылардың бірі өз әсерімен бөлісті:
«Заң және Мен: Ойна, біл, сақта!» атты шара маған ерекше әсер қалдырды. Бұл шара заң туралы білімді кеңейтіп, логикалық ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік берді. Қызықты сұрақтар, командалық жұмыс және пікір алмасу арқылы қатысушылар жаңа ақпарат алып, өз білімдерін шыңдады.
Осындай интеллектуалды ойындар жастар үшін өте пайдалы деп есептеймін. Себебі бұл шара арқылы біз заң мен тәртіпті насихаттап, құқықтық сауаттылықты арттыруға үлес қосып отырмыз. Заңды білу – әр азаматтың міндеті, ал оны құрметтеу – қоғам алдындағы жауапкершілік. Осындай маңызды бастамалар өз жалғасын табады деп сенемін!»
ЖЕТІСУ АҚПАРАТ