АРАНДАтУҒА АЛДАНЫП ҚАЛМАҢЫЗ!

Уақыты: 17.06.2018
Оқылды: 929
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Әлеуметтік желілерде «Қазақстанның демократиялық таңдауы» экстремистік ұйымының арандату хабарламалары мен бейнероликтерінің таратылғанын Бас прокуратура анықтап отыр. Онда елімізде тыйым салынған ұйымның басшысы Мұхтар Әбілязов пен оның сыбайластары Қазақстан азаматтарын 23 маусым күні митингке шығуға шақырады. «ҚДТ-ның» идеяларын тарату және митингтерге үгіттеу үшін Әбілязовқа көмектескендер Жанар Ахметова, Бота Джардемали және басқа адамдар шетелде қазақстандық сот төрелігінен жасырынып жүрген жандар. Олардың іс жүзіндегі мақсаты – қылмыстық қудалауды саясаттандырып, Қазақстанда ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағаны үшін жауаптылықтан жалтару.

Жарияланған бейнероликтерді түсіру үшін Киев қаласында жарнамалық агенттік құрылып, азиялық кескінді кәсіби актерлар мен модельдер жалға алынған. Актерлар мен модельдердің бірде- бірі Қазақстан азаматы емес. Дегенмен, бейнероликтердің мазмұны шындыққа жанаспайды және қазақстандық қоғамда әлеуметтік алауыздық пен араздықты тудыруға арналған. Жақында ғана, 12 маусым күні интернеттегі «Ютуб» арнасына таралған «Мұғалімдер Әбілязовтың митингісіне шығады» атты бейнероликте «қазақстандық жас мұғалім» рөлін Киев қаласында таңдалған актриса ойнаған. Сондай-ақ, «Ютуб-тағы» басқа бейнематериалда Қазақстанда жұмыс істейді деген және халықты 23 маусымда митингке шығуға шақырған жас жігіт – Әбілязовтың туған жиені Айдар Амангельдиев екендігі анықталды. Қазақстаннан 2009 жылы көшіп кеткен ол қазіргі Шотландияның қымбат университеттерінің бірі – «Глазгоу Каледониада» студент. Бұл университеттегі жыл сайынғы оқу төлемақысы 20 мың стерлинг фунтты немесе 9 миллион теңгені құрайды.
Елімізде «ҚДТ-ның» кез келген іс-әрекетіне биылғы     13 наурыздан бастап тыйым салынғаны белгілі. Осыған орай Бас прокуратура «ҚДТ-ның» экстремистік әрекетіне қатысу және оны қаржыландыру Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 258 және 405-баптарына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тартылатынын қайталап еске салады. Расында митингтерге қатысуға шақырулар мен үгіттеулер «Бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» Заңының ережелерін бұзады. Өйткені, ашық акцияларды өткізу үшін 10 күн бұрын тиісті арызбен, жергілікті атқарушы органның рұқсатын алу қажет. Алайда жергілікті әкімдіктерге алдағы 23 маусым күні митинг өткізу туралы ешқандай арыз түспеген. Осыған байланысты, заңсыз саналатын ондай митингтерді ұйымдастырғаны және қатысқаны үшін әрбір азамат Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 488-бабына сәйкес жауапқа тартылып, 15 тәулікке дейін қамауға алынады.
«Прокуратура туралы» Заңмен көзделген өкілеттіктерді пайдалана отырып, барлық азаматтарды заңдылықты және қолданыстағы қазақстандық заңнаманың талаптарын қатаң сақтауға, арандатушылыққа және құқықбұзушылыққа жол бермеуге шақырамыз.
 
Қазақстан Республикасы
Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.