ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖОЛЫН КЕСЕДІ

Уақыты: 19.06.2018
Оқылды: 1220
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

    Панфилов, Ұйғыр аудандарында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты арнайы мониторинг тобының жұмыс сапары өткізіліп, сыбайлас  жемқорлықтың  алдын алу және «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА қызметінің мәселелері қаралды. «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығының» әкімшілік кеңсесінде өткен Алматы облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің көшпелі отырысына агенттік және республикалық арнайы мониторинг тобы мүшелері қатысып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, кедендік рәсімдеу, кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылады. Отырысты  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы С. Нұрғисаев ашып, жүргізіп отырды.

 

    Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылғы 24 желтоқсандағы Жарлығымен бекітілген ҚР 2015–2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асыруды бағалау және сыртқы талдау жүргізуді мақсат еткен арнайы мониторинг тобының жұмыс сапары барысында агенттік  төрағасының орынбасары Олжас Бектенов, арнайы мониторинг тобының мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері А. Соловьева, З. Батталова, К. Кожин, Ғ. Байтұқ және агенттіктің өкілдері А. Бердалин, И.Үйсімбаев «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы «Нұр жолы» көліктік-логистика орталығындағы құрылыс қарқынымен, «Алтынкөл» халықаралық теміржол бекеті және «Құрғақ айлақ» қызметімен танысып, ондағы жұмыстардың барысын, кеден бақылауы мен әртүрлі инновациялық және инвестициялық жобалардың іске асуы туралы пайдалы ақпараттармен бөлісті. Сонымен қатар, Пенжім ауылының шығыс жақ іргесіндегі 100 мың тұрғынға арналған, әлемнің озық инфрақұрылымына негізделген Нұркент қаласының бас жобасымен танысты. Жобаны қонақтарға «Урбастиль» ЖШС басшысы Любовь Нысанбаева арнайы жасалған макетпен таныстырып, қонақтарды қызықтырған сауалдарға жауап берді. Ұзындығы 14 шақырымға тең, жалпы 600 гектар жер бөлінген жаңа қаланың іргесінде «Құрғақ порт», логистикалық және индустриялық орталықтар бой көтермек. Аталған кәсіпорындар іске қосылғанда жалпы 30 мың адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Осындай кең ауқымды шараларды «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығының» өткел үйінде өткізген «Қорғас» ШЫХО АҚ президенті Қаһарман Жазин орталықтың жұмысы мен әлеуметтік, экономикалық, сәулеттік әлеуетін, халықаралық қарым-қатынасқа тигізетін оң ықпалын жан-жақты таныстырды.
   Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу іс-шараларын ұйымдастыру мақсатында жұмыс тобы Ұйғыр ауданында облыстың барлық медициналық мекемелерінің басшыларымен кездесіп, өңір кәсіпкерлерімен еркін форматта ашық сұхбат өткізді.

Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов, Ұйғыр аудандары